Брокерлер халықтың бағалы қағаздан тапқан табысын салық органдарына жіберіп отырады

Қазақстанда бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен табыстың салығын автоматты түрде есептейтін пилоттық жоба іске қосылады. Ол үшін брокерлер Мемлекеттік кірістер комитетіне клиенттердің табысы туралы мәліметтерді ұсынып отырады.
Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 23 қарашадағы № 787 бұйрығына сәйкес, пилоттық жобаның басты мақсаты – «Stock market Tax View» арнайы қосымшасын сынақтан өткізу. Бұл сервис бағалы қағаздар құнының өсімінен түскен табыстан алынатын жеке табыс салығын (ЖТС) автоматты түрде есептеуге арналған. Тиісті бұйрыққа қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылғы 23 қарашада қол қойған
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Комитеттің сұрауы бойынша брокерлер 30 жұмыс күні ішінде клиенттердің мәліметтерін Excel форматында жолдайды. Ақпарат қосымшаға жүктеліп, салық сомасы есептеледі де, кірістер мен мүлік туралы декларация алдын ала толтырылады. Дайын декларация Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіндегі «Салық төлеушінің кабинетіне» орналастырылады.
Салық төлеушілер дайын құжатты тексеріп, бәрі дұрыс болса, бірден растап жібере алады. Ал егер есептеулерде қателік кетсе, жүйе ұсынған нұсқадан бас тартып, мәліметтерді өз бетінше түзетуге мүмкіндік бар.
Мемлекеттік кірістер комитеті деректер алмасу киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілетінін атап өтті.
Пилоттық жоба 2026 жылғы 6 желтоқсанда іске қосылып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.