Елде палау әзірлеуге қажет азық-түлік Өзбекстанға қарағанда арзан

Жарияланды
Палау басу қай елде арзан / shutterstock

Қазақстанда палау дайындауға қажетті негізгі азық-түлік жиынтығы көрші елдермен салыстырғанда арзанырақ. 2026 жылғы қазанда алты түрлі өнімнің орташа құны Қазақстанда 3 728 теңге болса, Қырғызстанда 4 383 теңге, Өзбекстанда 4 570 теңге болған.

Finprom.kz үш елдегі азық-түлік бағасын салыстырып, палау индексін есептеген. Зерттеуге күріш, сәбіз, сиыр еті, күнбағыс майы, пияз және тұз енгізілген. Ноқат пен зире Қазақстанның ресми статистикасында бағасы жарияланбайтындықтан есепке алынбаған.

Осылайша, Қазақстанда палау әзірлеуге қажетті өнімдер жиынтығы Қырғызстаннан 17,6%, ал Өзбекстаннан 22,6% арзан болған. АҚШ долларымен есептегенде, бұл сома Қазақстанда 8,3 доллар, Қырғызстанда 9,7 доллар, Өзбекстанда 10,1 долларды құраған.

Астанада да палау дайындауға қажетті азық-түлік көрші елдердің астаналарымен салыстырғанда арзан. Елордада өнімдер жиынтығы 3 676 теңге тұрса, Бішкекте 4 487 теңге, Ташкентте 4 934 теңге болған.

Үш елде де палау өнімдерінің жалпы құнының шамамен 70%-ы сиыр етіне тиесілі. Қазанда оның сүйекті бір келісі Қазақстанда орта есеппен 3 811 теңге, Қырғызстанда 4 312 теңге, Өзбекстанда 4 639 теңге болған.

Баға айырмашылығы күріштен де байқалады. Қазақстанда күріштің келісі 541 теңгеден сатылса, Қырғызстанда 735 теңге, Өзбекстанда 782 теңге болған. Ал күнбағыс майының литрі үш елде де шамамен 900 теңге тұрған.

Бір жыл ішінде палау әзірлеуге қажетті өнімдер жиынтығы Қазақстанда 5,3%-ға қымбаттаған. Қырғызстанда өсім 12%, Өзбекстанда 11,6% болған.

Бағаның өсуіне негізінен сиыр етінің қымбаттауы әсер еткен. Бір жылда бұл өнім Қырғызстанда 19,9%, Өзбекстанда 15,8%, Қазақстанда 9,3% қымбаттаған. Қазақстанда күріш бағасының 13,3%-ға арзандауы жалпы жиынтық құнының өсуін тежеген. Сонымен қатар елде сәбіз 14,3%, күнбағыс майы 6,8% қымбаттаған.

Қазақстан қалалары арасында палау әзірлеу ең қымбат Өскеменде болған. Онда қажетті өнімдер жиынтығы 4 113 теңге тұрған. Одан кейін Алматы (3 938 теңге) мен Шымкент (3 901 теңге) орналасқан.

Ал ең арзан өнімдер жиынтығы Түркістанда – 3 352 теңге, Қызылордада – 3 471 теңге және Көкшетауда – 3 476 теңге болған.

Бір жылда палау өнімдері Алматыда 15,9%, Атырауда 13%, Талдықорғанда 12,7% қымбаттаған. Ал Ақтауда баға 12%, Петропавлда 5,2%, Көкшетауда 4,7%, Астанада 4,3% төмендеген.

Оқи отырыңыз: Азық-түлік өндірісіне құйылған инвестиция екі есе өсті: қаржы қайда бағытталды

Сондай-ақ оқыңыз