Елдегі 17 мыңнан аса өзен мен 3 мың көл туралы дерек цифрлық базаға енгізілді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Енді су саласындағы 3 800 ұйым мен 5 208 пайдаланушы осы платформа арқылы жұмыс істей алады. Жүйеге 17 мыңнан астам өзен, 3 мыңнан астам көл және 82 су қоймасы туралы мәлімет енгізілген. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, ақпараттық жүйе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау аясында әзірленген. 2026 жылғы қыркүйекте платформа ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша сынақтан өтіп, оң қорытынды алғаннан кейін өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Жүйеде қандай мәліметтер жинақталған

Қазір платформада су шаруашылығы саласындағы негізгі процестерді цифрландыруға арналған 15 модуль жұмыс істейді. Жоба аясында елдегі су ресурстары мен инфрақұрылымы туралы бірыңғай цифрлық база қалыптастырылған.

Оған мына нысандар туралы деректер енгізілген:

  • 17 758 өзен;
  • 3 148 көл;
  • 1 209 гидротехникалық құрылыс;
  • 82 су қоймасы.

Бұдан бөлек, жүйеге су пайдалануды есепке алу бойынша 7 516 есеп және 2-ТП нысаны бойынша 1 370 есеп жүктелген.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру барысында 10 623 гидротехникалық нысанның паспорты әзірленген. Оның 7 187-сін бассейндік инспекциялар қабылдаған.

Жүйе не үшін қажет

Министрлік жаңа платформаның негізгі мақсаты су ресурстарын толық әрі нақты есепке алу екенін атап өтті. Сондай-ақ жүйе су саласына қатысты шешімдерді тиімді қабылдауға, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде су қорын ескеруге мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: Егіс алқаптарына су жеткізу жақсарады: бес жаңа су қоймасы салынып жатыр

Сондай-ақ оқыңыз