Полиция мен құтқарушылар азаматтарды жолда сақ болуға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанның бірқатар өңірінде 26 қарашадан бастап ауа райы құбылады. Соған байланысты ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды.

Қазгидромет болжамына сәйкес, кей өңірде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. 

ІІМ жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасында қауіпсіз қашықтықты сақтауға шақырды. Сондай-ақ алыс жолға шықпастан бұрын ауа райы мен жол жағдайын тексеруді ұсынады. Аса қажет болмаған жағдайда қалааралық сапарларды кейінге қалдырған жөн.

Бұдан бөлек, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көліктерді қысқы дөңгелексіз пайдалануға тыйым салынады.

112 нөміріне хабарласу қажет

Құтқарушылар жолда төтенше жағдай туындаған кезде 112 бірыңғай нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды. 

Қоңырау шалған кезде мына ақпаратты айтқан жөн:

  • нақты орналасқан жер немесе автожолдың нешінші шақырымында тұрғаныңызды;
  • қандай жағдай болғанын;
  • көмекке мұқтаж адамдардың санын;
  • зардап шеккендердің бар-жоғын;
  • байланыс телефонын.

«Егер көлік қар құрсауында қалып қойса немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты әрі қарай жүре алмаса, мүмкіндігінше көліктен шықпай, орналасқан жеріңізді 112 нөмірі арқылы хабарлап, көмек күтіңіз», – дейді мамандар.

Телефонға алаңдамаған дұрыс 

ІІМ хабарлауынша, жаяу жүргіншілерге де жолдан өтер кезде көліктің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің жол беріп жатқанына көз жеткізгені жөн. Жолдан өткен кезде ұялы телефонға алаңдамай, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылау қажет.

Айта кетейік, бес облыста ауа райына байланысты жол қозғалысына шектеу қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз