Қарағандыда екі ер адам балалар үйінің тәрбиеленушісінен ақша бопсалаған

Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісінен 3 млн теңге мен ұялы телефон алып қойғандар үш жарым жылға сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың тамызынан 2026 жылдың қаңтарына дейін А. және К. алдын ала сөз байласып, күш қолдану қаупін төндіру арқылы «Дамуында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушісі М.-дан 3 млн теңге талап еткен. Артынша оның 189 мың теңге тұратын ұялы телефонын иемденген.
2026 жылдың 24 қыркүйегінде Әлихан Бөкейхан ауданының соты А. және К.-ны кінәлі деп танып, әрқайсысын 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Содан кейін сотталғандардың бірінің адвокаты апелляциялық шағым түсірген.
Істі қараған сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактілері бойынша тергеу аяқталды.