ҚАЗТЕСТ емтиханы желтоқсанда өтеді: тест тапсыру құны қанша

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

ҚАЗТЕСТ сертификатын алғысы келетіндерге тағы бір мүмкіндік беріледі. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын кезекті тестілеу 14 желтоқсанда еліміздің 19 қаласында өтеді. Емтиханға қатысу үшін өтінішті 2-12 желтоқсан аралығында беру қажет. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.

ҚАЗТЕСТ қай қалаларда өтеді

Тестілеу электронды форматта еліміздің 19 қаласында ұйымдастырылады:

Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Петропавл, Павлодар, Семей, Талдықорған, Түркістан және Тараз.

Қатысуға өтініштер app.testcenter.kz сайтында қабылданады. Ол үшін:

  1. Сайтта тіркелу;
  2. «Өтініш беру» батырмасын басу;
  3. «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ» бөлімін таңдау;
  4. «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу» қызметін ашу қажет.

Тестілеу қалай өтеді және құны қанша

ҚАЗТЕСТ сертификаттық емтиханы төрт бөлімнен тұрады:

  • Тыңдалым – 20 тапсырма, 20 минут;
  • Оқылым – 40 тапсырма, 50 минут;
  • Жазылым – 2 тапсырма, 50 минут;
  • Айтылым – 2 тапсырма, 7 минут.

Сертификат алу үшін қатысушы төрт бөлімнің әрқайсысы бойынша белгіленген шекті балды жинауы керек.

Жазылым және айтылым бөлімдерінің нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде қатысушының жеке кабинетінде жарияланады.

Тестілеуге қатысу құны – 7 121 теңге.

Емтиханға қатысты толық ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан «Тестіленушілерге» → «ҚАЗТЕСТ» бөлімінен білуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз