Қытайда оқығысы келетін жастар қандай мамандықтарды таңдағаны жөн

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Азамат Серікхан

Қытайда жоғары білім алуды жоспарлаған қазақстандық жастар қай мамандықтарға басымдық бергені дұрыс? Бұл сұраққа Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь жауап беріп, болашағы бар төрт бағытты атады. Оның айтуынша, жас мамандар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардан бастап, логистика және экология салаларына дейінгі бағыттарға назар аударғаны жөн.

Мұндай кеңес Астанадағы Қытай елшілігінде өткен брифингте айтылды. Журналистер Қытайдың қазақстандық жастар үшін білім алу, кәсіби даму және жаңа мүмкіндіктерді игеру тұрғысынан әлеуеті зор екенін атап өтіп, елде қандай мамандықтарға сұраныс артуы мүмкін екенін сұрады.

Қытайда оқуға болатын төрт перспективалы бағыт

Елшінің пікірінше, ең алдымен жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және цифрлық экономика салаларын қарастырған жөн. Қытай бұл бағыттарда қарқынды дамып келеді, ал екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастық кеңейген сайын білікті мамандарға сұраныс та арта түсуі мүмкін.

Екінші бағыт – жаңа энергетика, пайдалы қазбаларды игеру және жаңа материалдар әзірлеу саласы. Хань Чуньлинь бұл салалардың Қазақстан үшін де дәстүрлі маңызы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар олар екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айналып келеді.

Үшінші кезекте дипломат көлік логистикасы, халықаралық тасымал және трансшекаралық сауда салаларын атады. Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысы нығайған сайын осы бағыттарда жаңа жұмыс орындары мен кәсіби мүмкіндіктер ашылады.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасын сапалы бірлесіп жүзеге асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара байланыс нығая түседі. Бұл өз кезегінде аталған салаларда екі елдің жастары үшін жаңа жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктерін ашады деп сенемін», – деді елші.

Төртінші бағыт ретінде Хань Чуньлинь заманауи ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттарда екі елдің ынтымақтастық әлеуеті жоғары. Бұған қоса, аталған салалар әлемдік инвестиция мен «жасыл» даму күн тәртібінде маңызды орын алып отыр.

Осылайша, елші Қытайда білім алуды көздейтін қазақстандық жастарға мамандық таңдағанда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны мен еңбек нарығындағы сұранысты ескеруге кеңес берді.

Тағы да оқыңыз: Аэротакси, ЖИ, жерсерік: Қазақстан мен Қытай жаңа жобаларды қолға алмақ

Сондай-ақ оқыңыз