Қазақстанда мәслихат сайлауы басталды: 3 447 орынға 11 мыңға жуық кандидат тіркелді

9 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Бүгін ел бойынша 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Бір орынға орта есеппен үш кандидаттан келеді.
Сайлауға кімдер қатысып жатыр?
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауға 10 971 кандидат тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізімге енген, 9 752-сі бірмандатты округтерде бақ сынап жатыр. Ең көп орын аудандық мәслихаттарға тиесілі. Оларға 2 153 депутат, қалалық мәслихаттарға 626, облыстық мәслихаттарға 668 депутат сайланады.
Дауыс беру нешеге дейін жалғасады?
Ел бойынша 10 338 сайлау учаскесі ашылды. Оның 101-інде дауыс беру таңғы 06:00-де, қалғанында 07:00-де басталды. Көпшілік учаскеде дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлаушылар тізіміне 12,68 млн адам енгізілген. Учаскенің нөмірі мен мекенжайын eGov Mobile қосымшасынан білуге болады. Дауыс беру үшін жеке басты куәландыратын құжат қажет.
Нәтиже қашан белгілі болады?
Сайлау қорытындысы дауыс беру күнінен кейін бес күн ішінде, яғни 4 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталуға тиіс. 12 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға тағайындады.