Екібастұзда 1 жыл бұрын салатанатты шара кезінде мейрамханада тамақтанған азаматтар жаппай уланып ауруханаға түскен. Бір жыл өткенде бұл іске қатысты сот шешімі шықты. Мейрамхана иесі қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысу құқынан айырылып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жайсыз оқиға 2024 жылдың сәуірінде болған. 14-16 сәуір аралығында Астана, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы медициналық мекемелерге әртүрлі тамақ улану белгілерімен 56 азамат жүгінген. Олардың барлығы Екібастұз қаласындағы мейрамханада өткен салтанатты шараға қатысқанын мәлімдеген. Бұдан кейін мейрамхана тексеріліп, тергеу жүргізілген. Нәтижесінде мейрамхана иесінің қоғамдық тамақтану орнында санитарлық нормаларды дұрыс сақтамағаны анықталған.