Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде Alatau City жобасын талқыланды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты», – делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.
Сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданған. Президент осындай жобаларды іске асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.