Әлемдік экономикаға мұнай бағасы барреліне 90-110 доллардың арасында болғаны тиімді

Экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы

Соңғы айларда мұнай бағасы 80-90 доллар аралығында құбылып тұр. Сарапшылар бұған Ресей, Сауд Арабиясының өндірісті шектегені ықпал етті, деп топшылауда. Шынымен де солай ма? Мұнай бағасы қаншалықты өседі? Біздің елге қандай бағам тиімді?

Біздің шығыстағы көршіміз Қытайдың халқы 1,5 млрд. Бұған қоса биыл Үндістан адам саны бойынша Қытайды артқа тастап бірінші орынға шықты. Екеуі өте ірі тұтынушы. «Дәл осы ойыншылар үшін біздің өндіріп жатқан мұнайымыз қаншалықты қажет?», деген сұрақ бағаның қалыптасуына ықпал етеді.

Соңғы жылдары дүниежүзілік экономика мамандары, экономиканы қалыптастырушы мемлекеттер мұнай-газ бағасын «тұншықтырып» ұстауға тырысты. Бірақ қазіргі таңда соның кері әсерете бастағанын көріп жатырмыз. Себебі инвесторлар мұнайдың бағасы төмен, ақшаларын ұзақ мерзімде қайтаратын болған соң мұнай-газ өндірісінің дамуына ақша салуды тоқтата қойды. Ал адам саны өсіп жатыр, жаңадан ашылған кен орындары жоқ. Нарықта әзірге мұнай мен газдан жасалатын ең арзан отын жанармай, ал оған балама ойлап табылған жоқ. Сондықтан сұраныс ұлғайып, баға көтеріледі.
Қазір «қара алтын» бағасы барреліне 90 доллардан асып, 100-ге барып, қайта түсіп, құбылып тұр. Бірақ, баға жыл өткен сайын қымбаттай береді. Себебі сұранысты қанағаттандыруға біздің шамамыз жетпей жатыр. Сұраныс күшейген сайын баға өсетіні айдан анық. Сондықтан арабтар немесе ресейліктер өздерінің керемет ақыл-амалдарын қосып бағаны өсіріп жатыр деген пікір мықты экономистердің сараптамасы емес. Әрқашан бағаны күшейтетін – бұл сұраныс. Бірақ, нақты баға қаншаға жететінін, шикізат құны қанша тұратынын кесіп айту қиын. Бірде бір сарапшы нақты «120 немесе 150 болады», деп айта алмайтын шығар.

Қазір әлемдік экономикаға барреліне 90 доллар мен 110 доллардың арасындағы баға өте тиімді. Сондықтан шамасы келгенше осы 90 доллар мен 110 доллардың арасында ұстайды. Бұл тұтынушыға да ыңғайлы баға және мұнай өндірушілеріне де тиімді. Өйткені өндірушілер тек жер қойнауы иелерінен тұрмайды. Өндірушілердің қатарына инвесторлар да қосылады. Инвесторлардың ең бірінші көздейтін мақсаты салған ақшаларын жылдам қайтарып алу. Кім қазір ақшасын салып қойып 100 жыл күтіп жүреді? Сондықтан қысқа мерзімде қаржыны қайтарып алу амалдарын қарастырады. Барреліне 90-110 доллар арасындағы баға салған ақшаны қысқа мерзімде қайтарып алуға мүмкіндік береді.

Біздің бюджет барреліне 60 доллар деп бекітілген. Егер мұнай бағасы 60 доллардан төмендемейтін болса, біздің билік халық алдындағы бүкіл әлеуметтік міндеттемелерді орындап береміз деп айтты. Енді баға 90-110 доллардың төңірегінде қалыптасса, біз тек ұтамыз, пайдамыз көп болады. Демек бізде халық алдындағы міндеттемені орындап қана қоймай, оны екі емес орындау мүмкіндігі туады. Бағаның көтерілуі біздің елге, оның ішінде біздің әлсіз экономикаға өте тиімді. Әлсіз экономика қалыптастырған мемлекеттер қатарына жатамыз. Өйткені бізде бір ғана табыс көзі бар. Ол – «қара алтын».