Егер TikTok жабылса, жастардың бәрі инстаграмға қайта көшеді
Креативті индустриядағы ең басты әлеуметтік желі TikTok Қазақстанда жабыла ма жоқ па ? Көптің көкейінде пайда болған мәселені талқылау үшін QM Мeta агенттігінің бас директоры Шынар Сапар ханымның пікіріне назар аударсақ.
Фото; интернеттен алынды. Суретте: Шынар Сапар
Кеше ғана АҚШ –тың Сенат палатасы TikTok-тың жабылуына қол соғып, қолдау білдіріп заңға қол қойды. Көрші Қырғыз елінде де TikTok жабылады. Біздің елде де бұл мәселе көтеріліп жатыр. Жалпы бұл әлеуметтік желі жабылуы мүмкін бе деген сауалдар елдің бәрін мазалай бастады. Мен айтар едім, бәрі мүмкін.
Бірақ әлеуметтік желіні бұғаттап тастау дұрыс емес. Себебі Қазақстанда креативті индустрияның дамуына TikTok өте көп әсер етті. Министрліктің мәліметінше, креативті индустрияда 95 мың адам бар. Қазіргі әнші әртістерге қарасаңыздар әсіресе креативті бір нәрсе жасап жатқан адамдарды көрсеңіздер TikTok олардың танылуына, елге көрінуіне ықпал етті. Тіпті әлемге танылуға жол ашылды.
Соңғы уақытта би өнерінің индустриясы да алға басты. Тіпті дизайнерлердің өздері де бизнестің жаңа шыңына шықты. Zet-зуммерлер ұрпағы қалыптасты. TikTok-та білім беретін контент жақсы қалыптасты. Білім және көңіл көтеру бағыты бірдей қарқын алды.
Мәселен Ұлан Үсенов деген жас жігіт химия сабағы туралы өте оңай контент жасады. Ғылымды қарапайым жолмен түсіндіріп, Форбстың оқиғалар бөліміне шығып кетті. Яғни химия пәнінің қарапайым мұғалімі болып жүріп, әлеуметтік желі арқылы медиаға танымал адам болып шыға келуің әбден мүмкін. Креативті индустрияның Қазақстан экономикасындағы үлесі 2,7% көрсетеді.
Бүгінде кез-келген жасөспірім TikTok-та не көріп жатыр дегенге келсек, ол жауапкершіліктің бәрі ата-ананың еншісінде. TikTok-та белгілі бір шектеу бар. Онда 13 жастан ассаң ғана пайдалана аласың деген шарт көрсетілген. Бұл желінің алгоритімінде балалардың соңғы уақытта не көріп жүргенін ата-аналар бақылайтын тетігі де іске қосылған.
Жаман контентті кез-келген интернеттен табуға болады. Қазір мені алаңдататыны контакт желісі. Ол қайта түлеп жаңғырып келеді. Ол жерде балаларға көруге шектеу қойлатын контенттер бар. Ол жерде порно да, ұлттық алауыздықты қоздыратын материалдар да , рассизм бәрі-бәрі сол Контакт желісінде бар.
Ал креатив жасайтын креаторлар ол жерде отырмайды. TikTok-ты қолданушылардың жасы 18 бен 24 жастағы адамдар. Мәселен, TikTok –та наурыз хештегімен шыққан контенттер 20 млн-нан астам қаралым жинады. Біз агенттік ретінде TikTok-пен тығыз байланыстамыз.
Әсіресе визит Казақстан хештегімен жарияланған бейнематериалдар еліміздің әдемі жерлерін көрсетуге мүмкіндік тудырды. Әлемге танылуға жол ашты. Ұланның жасаған контентінен кейін, министрлік ең үздік мұғалім хештегін қолдап, арнайы шара өткізді.
Осы хештег бойынша, ұстаздардан 300 ден асатын ұсыныс келіп түсті. Бұл білім алуға жақсы контент қалыптастырды. TikTok біздің билік өкілдерімен де жақсы серіктестік қатынас орнатып келеді. Киберқауіпсіздік мәселесінде де бұл желінің атқарар рөлі бар.
Видеоплатформа TikTok қана емес, ол ютубтағы қысқа бейнекөріністер, инстадағы рилстар пікірге жиі шығады. Ал TikTok-та бұл жағынан артықшылықтар бар. Мен бір контентті инстаға салсам, оны ютубқа да , TikTok-қа да саламын. Сонда басқа желілерден айырмашылығы неде деген сауалға жауап бере кетсем.
TikTok келгелі лайф контентке сұраныс артты.
Ол контент «мен де сен сияқты адаммын» деген мағынаны миға құйып берді. Ал ютуб ол продакшн. Ол жерде арнайы видеоға ақша салынады. Инстаграм да жақсы өмірді насихаттайтын жылтыр жарнамаға құрылды. Ал TikTok жазуға, сызуға ешкімді мәжбүрлемейді. Шынайы тірі жандарға арналған сияқты. Жаңа леп әкелді. Түрлі инсайттар алуға мүмкіндік берді. Зуммерлер өз пікірлерін ашық айтатын болды.
TikTok сараптамалық платформаға айналды. СолTikTok арқылы зуммерлердің қалай білім беру керектігін үйрендік. Мен қазір топ-менеджер ретінде жастарды жұмысқа алып жатырмын. TikTok арқылы сол зуммерлерді бақылап, қажеттіліктерін анықтаймын. Көптеген менеджерлер зуммерлерге не қажет екенін білмейді. Олар біз сияқты азаннан-кешке дейін ат сияқты жұмысқа жегіле беретін жандар емес. Олардың қалауы мүлдем басқа. Олар өте ақылды. Әлеуметтік желі оларды тұлға ретінде қалыптастырып жатыр.
Яғни, бағынбайтын желі деп биліктегілер қорқып отырған контенттің өзіне жастар бейәдеп істерге бармайды деп сенемін. Әрине, жастар бүгінде әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөледі. Оларға білім , оқу қызық. Әйтпесе оқу-ағартушылық контенттер танымал болмас еді. Көңіл көтеретін контенттер әрқашан болған. Біздің кезімізде ол концерттермен айшықталса, қазір әлеуметтік желіден- ақ бәрін көре салады.
Енді министрлік қоғамның наразылығымен TikTok-ты жабуы мүмкін бе ? Жапса, креативті индустрияға қандай кесірін тигізеді деген сұраққа келсек. Бізде TikTok қана емес, инстаграм да бар. Егер TikTok жабылса, елдің көбі инстаграмға қайта көшеді. TikTok-та жастар көп отыратындықтан, ол жақтан қаралым тез жиналады.
Бүгін де жаңа трендтер, креативті өнерлер TikTok-ты жарып жатқандықтан, бұл әлеуметтік желі жабылмаса екен деген ұсыныс бар.
Біздің агенттік TikTok-қа бағытталмаған. Ол тиктокерлердің өздерінің арнайы хаустары бар. Біз тиктокерлермен жұмыс істейміз. Тиктокерлердің табатын табыстары да контенттеріне байланысты. Жарнама берушілердің барлығы тиктокерлерге жүгінетін болған. Әсіресе жастардың аудиториясы жоғарғы деңгейдегі сұранысқа ие.
Мысалы Додо Пицаның аккауынты ең танымал желі. Додо пица Хомяк лақап есімімен танылған тиктокерді жұмысқа алғаннан бері сондай танымал аккаунтқа айналды. Ол сол тиктоктың бет-бейнесі болды. Біз жарнамамен ғана жұмыс жасаймыз. Біздің жұмысымыз жазылушыларға, қаралымға байланысты сарапталады. Жарнамаланып жатқан брендке де байланысты. TikTok-та арақ-шарап, темекінің, казинолардың жарнамалары өтпейді. Агенттік ретінде жағымсыз жарнамамен айналысатын тиктокерлермен жұмыс жасамаймыз.
Тиктокерлердің табыс айналымын шамалап та айта алмаймын. Егер ол танымал, миллиондаған қаралымы болса, миллионнан астам жазылушылары болса, оның табысы миллионнан асуы мүмкін. Донатпен мәселе бар. Қазір дүкендер өз заттарын лайф форматта TikTok-та сатады. Қорей мен Қытай оны жолға қойған, ал Қазақстанда TikTok-пен бірлескен жүйе болмағандықтан, каспи нөмірімен саудаласады.