Кен орындарын «АрселорМитталдан» қайтарып алу қымбатқа түседі

Экономика ғылымдарының докторы

17 тамызда Қарағанды облысы, Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» кен орнында өрт болды. Нәтижесінде бес адам қайтыс болып, бірнеше адам өндірістік ауыр жарақат алды. Осыдан кейін қоғамда аталған кәсіпорынға иелік етіп отырған үндістандық  «АрселорМитталдан» кәсіпорын активтерін мемлекетке қайтарып алу керек пе деген пікір айтыла бастады. Себебі, бұған дейін де аталмыш компанияға қарасты өзге де кен орындарында осындай апатты жағдай бірнеше мәрте болған. Нәтижесінде, соңғы 15 жылда 100-ден аса адам еңбек қауіпсіздігі шаралары сақталмауы салдарынан көз жұмған.   

«Арсело́рМи́ттал Темірта́у» – сонау тоқсаныншы жылдары алғашқылардың бірі болып  жекешелендірілген ірі компания. Темір, болат, көмір өндіруде жақсы жетістіктерге жеткен өндіріс орны. Өндіріске 1,5 миллиард доллар инвестиция тартқан. Осындай пайдалы өндіріс орындарын мемлекетке кері қайтару туралы ойлар айтылады, оған мен басқа пікір білдірер едім. Біріншіден, кен орындары үкіметтің қатысуымен кезінде жекешелендіріп, оны үнді магнаты сатып алды, енді оны тегін қайтарып алу мүмкін емес. Жалғыз жолы – қайтадан сатып алу. Бірақ ол қымбатқа түседі. Екіншіден, Қазақстан экономикасы әлем экономикасына байланған, яғни интеграцияланған, енді шетелдіктерге алдымен сатып, соңынан қайтып аламыз деу – мемлекетіміздің имиджіне де нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл компания қызметін үкімет жіті назарда ұстап, өндірісін төмендетпей, салық төлемдерін шынайы төлеп тұруын қамтамасыз етуге назар аударуы керек.  Осыдан екі жыл бұрын үкімет пен компания меморандум қабылдап, еліміздің металлургия саласын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, әлеуметтік, экологиялық, еңбек проблемаларын шешу туралы келісімге келген.  Жалпы қоғамды жұмыс орны, айлығы, еңбек заңдарының сақталуы, қоршаған ортаға зиян тигізбеу мәселелері алаңдатады. Осы жерде әлеуметтік мәселені қатаң бақылауда ұстауды сала кәсіподағы қатаң қолға алғаны дұрыс. Меніңше олар қазір қауқарсыз, жұмыстары көрінбейді, үні естілмейді. Кәсіподақ ұйымы деген жұмысшылардың құқығын қорғауда әлемдік тәжірибеден үлгі алып, магнаттардың табанына тас қойып отыруы керек. Сонда ғана шахтадағы осындай қайғылы жағдайға әкеп соғатын жарылыс болмайды. Кеншілердің жалақысы да ауыр қызметтеріне лайық болады деп санаймын. Экологиялық талаптар да қатаң болуы тиіс.

Бұл компанияның қаржылық жағын қарасақ, біріншіден талай жылдар бойы компания басшылығында шетелдік, оның ішінде Үндістан азаматтары болып келген. Алайда, 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бері  Яблонский Владимир Иванович деген басқарады екен. Мәскеу қаласында тіркелген. Компанияны тіркеу формасы да, біздегідей ЖШС емес, күдік тудырады.  Жауапкершілігі шектелген қоғам болып тіркеліп тұр. Жалпы табысы 2022 жылы 3 млрд 498 млн руб  ақша түскен, ол  Ресейдің осы саладағы 19,6 мың кәсіпорынының арасында 111 орында екен. Егер осы жағдай рас болса, нағыз масқара. Меніңше, осы мәселеге тереңірек үңіле мән беріп, арнайы зерттеу жүргізу керек сияқты. Шынымен Ресейде тіркеліп тұрғаны анықталса, онда бұл компанияны мемлекетке қайтару емес, Қазақстан заңына сейкес тіркеу мен ел бюджетіне салық төлеу мәселесін реттеп алуымыз керек. Ашықкөздердегі деректерге үңілсем, 2013 жылдан бері мардымды мәлімет жоқ.

Тағы бір мәселе: «неге шахтадағы еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін инвестиция салынбайды? Мүмкін қарызы көп шығар?» деген пікірлерге айтарым, меніңше ешқандай да қарыз емес. Кәсіпорын иелері ондай әлеуметтік бағыттарға ақша салудың орына, ол қаржыны қалтаға басып отыруды көбірек ойлағанын көріп отырмыз. Бұл туралы кеше Премьер-министр де сол жаққа барған сапарында ашық айтты.

Содан кейін, «егер қарызы көп компания болса, оны мемлекетке алу қажет пе?» деген оймен де келіспеймін. Бұл жерде басы ашық нәрсе, жалпы ешқандай өндірістің, яғни компаниялардың қарызын жабу деген нарық жағдайында болмайды. Егер жұмысы жүрмей, пайда таба алмаса, белгілі бір уақыттан кейін банкрот болады. Ол туралы арнайы заң бар. Басқаша болуы мүмкін емес. Оған қоса бұл компания отандық емес, инвестор ретінде жұмыс істеп жатқанын да ескеру керекпіз.