Үкіметтен берілетін субсидиялар ел экономикасын көтереді деп айта алмаймыз

AlmaU университеті, Жоғары Менеджмент мектебі оқытушысы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері түрлі салаларды дамыту жолға қою үшін  үшін әртүрлі бағыттағы субсидияларды енгізіп келе жатыр. Бір жағынан өнеркәсібі мен басқа да салалары дамушы елдердің қатарында болғандықтан қажет те шығар.  Дегенмен, Үкіметтен осы уақытқа дейін бөлінген субсидиялар ел экономикасының дамуы мен тұрақтануына қаншалықты әсер ете алды?

 Субсидиялар Қазақстандағы экономиканы мемлекеттік қолдау құралдарының бірі. Нақты бағдарлама мен оның мақсаттарына байланысты субсидиялардың тиімділігі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектесуге бағытталған.  Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды. Алайда, еліміздегі шынайы жағдай осы бағытқа толққанды сәйкес деп айту күрделі. Себебі, кейбір салалар немесе компаниялар үшін субсидиялау бағдарламаларының тиімділігі төмен болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда субсидиялар бәсекелестікті бұрмалап, инновацияны шектеп, сыбайлас жемқорлықты арттырып жатқанын көре аламыз. Әсіресе бұны ауыл шаруашылығынан көруге болады. Тіпті, 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығына 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Одан кейінгі 2022 жылы елімізге шет елдерден елімізге 448,4 миллион долларға ет және ет өнімдері импортталған. Ал,  экспорттың көлемі  156,2 миллион АҚШ долларын құраған.  Айырмашылық -292,2 миллион доллар.  Сонда 2016-2021 жылы ауыл шаруашылығына салынған 2 триллион теңге қаражаттың тиіміділі теріс көрсеткішке ие болды. Бұл сандарға қарап, Үкіметтен берілетін субсидияларды ел экономикасын көтереді деп айта алмаймыз. Дегенмен, субсидияның экономикада әсері жоқ емес. Себебі, ол азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуші факторлардың бірі. Осыған байланысты елімізде субсидия бірінші ретте тұрақтандырғыш қызметін атқарады деп айтуға болады. Бұл, әлбетте, ауыл шаруашылығына қатысты субсидияларды қарастырғанда.  Өзге салаларда да мемлекет тарапынан субсидиялау болады. Алайда, ең көп тиімсіздігіне қатысты талқыланатыны осы ауыл шаурашылық секторы.

Жалпы, Қазақстан секілді дамушы мемлекет үшін субсидия қажет. Біздегі субсидияның тиімсіздігіне қатысты болатын мәселе, ол субсидияның бар болуында емес, оның тиімсіз қолданылуында және соның айналасында құрылған жемқорлықпен айналысу сызбаларында болып тұр. Қазақстандағы субсидиялар ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, шағын және орта бизнес және т.б. сияқты экономиканың әртүрлі салаларын қолдауға жұмсалды. Бұл қолдау шаралары қысқа немесе ұзақ мерзімді перспективада экономиканы көтеруі мүмкін, бірақ олардың тиімділігі нақты жағдайға байланысты өзгеріп тұрады.

  Осы күнге дейін нақты қандай субсидиялардың пайдасы болды?,- дегенге келер болсақ;  Бірінші ретте, субсидиялар көлік-логистика, энергетика секілді жартылай мемлекеттік әсері бар, әрі ел азаматтарына тұрақты баға қалыптастыру үшін пайдалы деп айтуға болады. Мысалға, қарапайым азаматтар үшін пойыз билеті бағасының арзан болуы. Дегенмен, ауыл шаруашылығы секілді бұл салаларда да толыққанды пайдалы деп айтуға келмейді. Оған сәйкес, елімізде субсидияланатын ауыл шаруашылық секторындағы картоп, бидай секілді өнімдер ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алады. Ал, қанттан, жеміс-жидектен, сүттен толыққанды қамтамасыз ете алмаймыз. Осындай жағдайға қарап толыққанды пайдасы бар немесе жоқ деп айту қиын. Себебі, барлығы қаражаттың тиімді жұмсалуы және тиімді компанияларға берілуіне байланысты болады.

   Әрине, осындай тұрақтандырушы бағыттағы ауыл шаруашылығынан тыс машина құрылысы секілді салалардағы субсидиялауды қарастырсақ жағдай мүлде басқа. Мысалы, 2019 жылғы субсидиялаудың импорттық үлесі 103,8 миллард теңгенің 60%-ы, яғни жартысынан көбі кетті. Ал, отандық өндірушілер бәрібір де қанша субсидиялау болса да, импорттық сұраныстың орнын өтей алмай жатыр. Белгілі бір деңгейде, желге ұшып жатқандары бар. Оны жемқорлық сызбалары арқылы  өнім көлемі артпаса да, табысын арттырып алған кәсіпорындардың мысалынан көруге болады.

 Солңғы уақытта бізге  белгілі  мәліметтерге қарап отрысақ дәл осы субсидия үшін ел бюджетінен аз қаражат бөлінбегенін байқауға болады.

Мысалы жоғарыда айтқан 2016-2021 жылы ауыл шаруашылығына салынған 2 триллион теңгеге 2022 жылғы мал шаруашылығына бөлінген 124,6 миллирд теңгені қоссақ, 2,1 триллион теңге жұмсалып тұр. Әлбетте, бұның сыртында ауыл шаруашылығынан тыс салаларға бөлінген субсидиялар бар. Олар бойынша толық мәліметті статистика агенттігінен нақты білуге болады. Дегенмен, қалай болмасын жалпы еліміздегі субсидиялау үдерісін сәтсіздікке ұшыраған деп бағалауға болады. Себебі, қаражат бөлінгенімен әлі де ауыл шаруашылығында субсидия ала-алмай жүрген фермерлер баршылық. Бұның барлығы жалпы сектордың дамуының сәтсіздігінің бір белгісі десек болады. Дегенмен, еліміз үшін субсидияны жоққа шығаруға болмайды. Тек оның бақылауы мен іске асыру механизмін тиімді ету мәселесін шешу қажет. Бұл бойынша цифрлық теңгенің көмегі тиіп қалуы мүмкін. Себебі, ол бойынша берілген ақшаның транзакциясын Ұлттық Банк бақылай алады. Нәтижесінде, субсидия қалай жұмсалып жатқанын анықтап, жемқорлық механизмдерін әшкерелейді.