Үкімет зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты жауапкершіліктің жартысын азаматтарға жүктемек

Қаржы және инвестиция саласындағы сарапшы

 Ел Үкіметі БЖЗҚ активтерін инвестициялауға болатын қаржы құралдарының тізімін кеңейтуді көздеп отыр. 

Бұл өзгерісті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынды. Қаулы жобасына сәйкес, олар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздарды «негізгі» немесе «қарыздық бағалы қағаздар» секторына енгізуді қалайды.  

Жаңа жобаны қоғамдық талқылау ағымдағы жылдың 18 мамырына дейін жалғасады.

 Жалпы Үкіметтің бұл қабылдаған шешімі бір жағынан дұрыс деп санаймын. Өйткені, зейнетақы қорында жатқан қаржы әр азаматқа толықтай тиесілі болуға тиіс. Бұл жерде бірінші кезекте әрбір азамат өз болашағына деген жауапкершілікті сезіне түседі. Әрине, тиісті орындардың қордағы зейнетақы активтерін сенімгерлікпен берген компанияларды барынша қатаң қадағалауда ұстайтыны түсінікті.

 Сонымен қатар әрбір сенімгерлік компанияға үлес салмағына қарай отырып,  берілетін облигациялар мен акциялардың мөлшеріне де әрқалай шектеулер белгіленеді деп ойлаймын. Былай айтқанда, барлық тараптардың мүддесі мен қауіпсіздігі  қамтылған диверсификация жасатады. Бұл жағдайда тәуекелдер аз болғандықтан табысы да төмен болады. Сондықтан, бұл жерде сенімгерлік басқару арқылы қаржы алған компания үшін  бұл ұсыныстар айтарлықтай табыс әкеле қояды деп санамаймын.

 Аталған қадам ел экономикасына да айтарлықтай оң әсерін тигізе қояды дегенге де күмәнім бар. Себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей пайдасы да зияны да аз. Алайда, бұл жерде айта кететін негізгі мәселе Үкімет зейнетақақы қорындағы қаржыға қатысты осыған дейінгі өзінің  жүз пайыздық  жауапкершілігінің жартысын азаматтардың өзіне артып отыр.

 Тағы бір мәселе қордан берілетін қаржының қайтарылу механизмдері туралы  ашық, нақты түсінікті тілде жазылу керек. Бұл азаматтардың сенім білдіру мәселесінде өте маңызды деп санаймын. Себебі, қарапайым халықтың көп бөлігінің қаржылық білімі жеткілікті деңгейде емес екенін де ескеруіміз керек.

 Бірақ, қоғам талқысына ұсынылған аталған жобада бұл жағы жазылмаған. Оның не себепті көрсетілмегені мен үшін түсінікті. Себебі, әрбір сенімгерлік басқаруға ие болған  компанияың ішкі ережелері болады. Бұл әр компания  қалай қайтаруды өзі шешеді деген сөз емес. Қалай болғанда да барлығы үшін ортақ ереже мен тәртіп қабылданатыны анық.  Сонымен қатар, ортақ қазынадан шыққан әрбір тиынға дейін қадағалаушы орын ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар екенін есте сақтауымыз керек. Дәл осы агенттік тікелей қадағалау құзіретіне ие болады.  Қаржы сарапшысы ретінде ойымды түйіндей келгенде айтарым, Үкіметтің зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты бұл жаңа қадамынан қорқатындай ешнәрсе жоқ деп санаймын.