Ресей мен Беларусь азаматтары Қазақстан банктерінде 12 мыңға жуық есепшот ашқан
2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусь мемлекетінің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шот өтініш беруші немесе сенім білдірілген адам банкке өзі келіп, ал 1 215 шот қашықтан ашылған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында жазылған.
Нәтижесінде, екі елдің Қазақстан банктерінде есепшоты бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жеткен.
«Ресей Федерациясының резидент – заңды тұлғаларының жаңа шот саны жыл басынан бері аздап өскен. Биыл ақпанның соңынан бері банк шоттары 7 Ресей компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті» делінген хабарламада.
ҚНРДА Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық Банк пен Агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелетінін атап өтті.
Осылайша, Ұлттық Банктің 2016 жылғы 31 тамыздағы №207 қағидасының талаптарына сәйкес, шотты ашу офлайн режимде де, электрондық өтініш арқылы онлайн да жүргізілуі мүмкін.
Банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті.