Ұлттық банк алғаш рет 10 млрд теңгеге токенделген ноталар шығарды

Жарияланды 10 Қараша 2026 17:24

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
KASE-де цифрлық ноталардың сатылымының нәтижесі шықты/ Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында алғаш рет цифрлық қаржы активтерін қолданып, KASE платформасына 10 млрд теңгеге токенделген қысқамерзімді ноталар орналастырған. Оның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Аукцион қорытындысы бойынша жалпы құны 50 млрд теңге болатын қысқамерзімді ноталар толық орналастырылды. Оның 10 млрд теңгесі токенделген форматта шығарылды. Ноталардың айналым мерзімі – 91 күн, ал жылдық орташа кірістілігі 15,72% болды.

Ұлттық банктің мәліметінше, аукцион кезінде инвесторлардан түскен өтінімдердің жалпы көлемі 70,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл ұсынылған көлемнен 1,4 есе артық. Токенделген нота – электрондық форматта шығарылатын қаржы құралы. Оны Ұлттық банк шығарып, міндеттемелерінің орындалуына жауап береді. Ал KASE цифрлық қаржы активтері платформасы арқылы ноталарды орналастыру және олардың айналымын қамтамасыз етеді.

Бұл жоба аясында бір шығарылымдағы ноталар дәстүрлі және цифрлық форматта қатар ұсынылды. Осылайша, екі құралдың бағасын бірыңғай шарттар негізінде белгілеу мүмкіндігі тексерілді.

Ұлттық банктің пікірінше, жаңа тетік цифрлық қаржы құралдарын дамытуға, инвестиция тартудың балама жолдарын қалыптастыруға және қор нарығының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін шығару мен олардың айналымын реттейтін заң нормалары 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енді. KASE осы бағытта Ұлттық банкте тіркелген алғашқы ұйым болды.

Сондай-ақ оқыңыз