Жаңа Қазақстанда сенім басты парадигма болмақ

Жарияланды
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың авторлық бағаны
Фото: Валерий Аяпов

Мен үнемі өз ортамда сенім қалыптастыруға тырысып келемін, оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, сенім – бұл менің бизнесімнің негізі. Адамдар маған өз қаражатын сеніп тапсырады, кейде жинағының едәуір бөлігін салады. Клиенттерімнің сенімін жоғалтсам, мен өз бизнесімді жоғалтамын. Мен мұны әуел бастан білдім.

Екіншіден, бизнесмен және ірі компанияның басшысы ретінде мен жұмыс істейтін адамдарға сенім артудың тиімді екенін түсіндім. Бұл командалық жұмыстың басты қағидасы, нәтижесінде табысқа әкеледі. Өзара сенім бар кезде адамдар әлдеқайда өнімді жұмыс істейді, қажетті нәтижеге тезірек және аз шығынмен жетеді. Сенім болмаған жағдайда бизнес баяулайды және шығын күрт артады.

Үшіншіден, отбасында сенім жоқ па? Өз өмірін түбегейлі өзгерту, басқа қалаға, басқа елге көшу идеясынан кез келген адам қорқуы мүмкін. Бірақ менің жақындарым мен әйелім мені осы өзгерістер кезінде қолдады.

Төртіншіден, Қазақстан өзім мен отбасымның болашағын байланыстыратын өз үйіме айналды. Сенім  – бұл елдің халқына тән қасиет.

Бейтаныс адамға өз үйінің есігін ашу, оны дос ретінде қарсы алатын қонақжайлық заңы – бұл қазақ сенімінің ең басты белгісі емес пе?

Ресейдің Украинаға соғыс ашуы бәрін өзгертті. Маған өзіме жақын екі елдің арасындағы жағдай өте ауыр тиді. Мен Ресейде туып, еңбек жолымды бастадым, Украинада көптеген дос пен серіктес таптым.

Украинадағы жағдай адам шығыны мен экономиканың құлдырауынан бөлек, қарулы қақтығыс туған ел, халық, адамдар арасындағы сенімді түбегейлі жойып жіберді, оны жақын арада қалпына келтіру мүмкін емес.

Бүкіл әлемдік тәртіп жүйесі, халықаралық қатынастар жүйесінің кейінгі онжылдықта қалыптасқан негізі үлкен соққы алды; енді ескі принциптер жарамайды, жаңасын іздеуіміз керек.

Қазақстан мен оның басшылығы осы күрделі жағдайда таңғаларлық бірбеткейлік, өз құндылығы мен стратегиялық мақсаттарынан айнымайтынын көрсетті. Ештеңеге қарамастан, Қазақстан барлық серіктесімен сенімді қарым-қатынасты сақтап қалды. Бұл – парасат пен дәйектіліктің белгісі.

Сенім елдің алға жылжуына, дамуына негіз бола алады және солай болуға тиіс. Бұл қоғамдағы жағдайды қалыптастырып қана қоймай, экономиканың өсуіне ықпал етеді, адамдардың өмір сүру деңгейін арттырады.

Мен Қазақстанға 10 жыл бұрын келіп, өз бизнесімді іс жүзінде нөлден бастап құрдым. Бизнесмен ретінде Қазақстан қазіргі кезде қандай жағдай жасап отырғанын түсінемін, мұндай мысал әлемде жоқ. Бұл даурықпа сөз емес, өз тәжірибемнен білетін жайт. Біз еш жерде аз уақыт ішінде дәл осындай миллиардтаған айналымы бар компания құра алмас едік.

Менің ойымша, Қазақстанда «жасырын сенім»  өте жоғары.

Иә, зерттеулер Қазақстандағы сенім деңгейі өте төмен екенін көрсетіп отыр. 2020 жылы World Values Survey жаһандық зерттеуі қазақстандықтардың тек 22%-ы басқаларға сенуге бейім екенін көрсетті. Бұл өте төмен көрсеткіш, дамыған елдерді айтпағанда, әлемдік деңгейден әлдеқайда төмен. Бірақ егер сен сенімге қол жеткізе алсаң, ол жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатын адалдық пен қолдауға ауысады.

Сенім – біздің басты құндылығымыз. Менің ойымша, мұны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы түсінеді, ол өз саясатын сенім қағидатына негіздеп құрып жатыр. Қазір әлеуметтік сауалнамалар мемлекет басшысына қазақстандықтардың көпшілігі сенетінін  байқатып отыр. Президент өзінің әрбір сөзінде сенімді арттыру міндетін қойып, барлық мемлекеттік басқару институтынан да осыны талап етеді.

Қазір әлемде мемлекеттер дамуының екі тәсілі қалыптасты. Біріншісі – жаңа қоғамдық келісім: құқық пен бақылаудың орнына әл-ауқат пен қауіпсіздік. Екінші жол әлдеқайда күрделі, қоғам мен мемлекеттің теңдігі және өзара жауапкершілігі.

Президент Қазақстанның демократиялық даму жолына, сенімге негізделген мемлекет құруға бейіл екенін айқын белгілегені маңызды. Себебі бұл сенім ұялатады: елдің болашағы зор және дұрыс бағытта дамиды. Бұл маған өз өмірімді және өз бизнесімді Қазақстанда құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда кей салада сенім біршама қалыптасқан, бұл сол бағытта жақсы нәтиже беруге ықпал етеді. Мысалы, мемлекеттік дерекқорға қолжеткізу бөлігінде Үкімет пен қаржы институттары арасындағы өзара қарым-қатынасында ашықтық бар.

Бұл FinTech-тің дамуына бірегей жағдай жасайды: цифрлық құжаттар, тіркеу ісінің кең спектрі, әлеуметтік жәрдемақы, айыппұл мен төлемдерді онлайн режимінде рәсімдеу, біздің әлемдегі алғашқы цифрлық ипотека жобамыз – осының бәрі мемлекеттің ашықтығы мен серіктестеріне деген сенімнің арқасында ғана іске асты. Әлемде мұндай нәрсе жоқ деп сенімді түрде айта аламын.

Қазір сенім тез жойылып кетуі мүмкін. Бұған біздің өміріміздің барлық аспектілерін қамтып отырған жаппай цифрландыру ықпал етеді.

Цифрландырудың арқасында бәрін көруге болады. Адамдар цифрлық сауаттылығы мен біліктілік деңгейіне қарамастан цифрлық шешімдерге өте тез бейімделетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Мысалы, қазір Қазақстан халқының басым бөлігі банктердің қосымшаларын күн сайын белсенді пайдаланады. Пандемия бұл процесті дамыта түсті, себебі бәріміз үйде жұмыс істедік, қажет тауардың барлығын жеткізу қызметі арқылы тапсырыс бердік және т.б.

Сенімнің арқасында Қазақстан санаулы жыл ішінде FinTech және GovTech саласында көшбасшы позицияға шықты. Бұл факт, бірақ біз оны әлі жете сезінбедік. Біз өз жобаларымыз туралы шетелде айтқанда, олар серіктестеріміз бен аудиториямызға қызыға қарайды. Көптеген адам үшін, тіпті Батыста цифрлық шешімдер күнделікті өмірге толық енбеген, ал біз ұсынатын өнім қарапайым және тиімді. Бұл мемлекеттік ашықтығы, бизнеске сенім артуға дайын болуының арқасында іске асты.

Қазір табысты жобалар Қазақстанның жаһандық ақпараттық кеңістікте, яғни әлемнің саяси картасында да танымал болуына үлес қосты. Бұл мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болып отыр. Біздің әртістер, актерлер мен суретшілер кейінгі жылдары елден тыс жерлерде танымал болып, Қазақстанның жақсы бейнесін қалыптастырды. Менің ойымша, келесі кезекте отандық IT саласы тұр. Жақсы жұмыс істеп, біз осы саланы да дамыта аламыз.

Мен осы елде тұрып, өз бизнесімді құрдым. Жақын арада осы елдің азаматтығын аламын деген үміттемін және оның дамығанын қалаймын. Өз өмірімді Қазақстанмен түбегейлі байланыстырып, оның өркендеуіне өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.

Сондай-ақ оқыңыз