Рубльдің қымбаттауы біздің тұтынушыларға қалай әсер етеді?

Жарияланды
Қазақстан Ресей импортына тәуелді

Теңгеге байланысты рубль курсы күшеюді жалғастырып жатыр. Қазақстан қор биржасының мәліметі бойынша, кеше күндізгі сауда кезінде 1 рубль 8,4 теңгеге бағаланған. Қазір Алматыда 1 рубльді сатып алу – 7,48 теңге, сату – 7,88 теңге. Нұр-Сұлтанда сатып алу бағамы – 7,6 теңге, сату бағамы – 7,76 теңге. Сондай-ақ Мәскеу биржасының дерегі бойынша, рубль бағамы доллар мен еуроға қатысты да күрт күшейген.

Рубльдің қымбаттауы Ресейден келетін импортты да қымбат қылады. Біз онсыз да Ресейге импорттық тұрғыдан тым қатты тәуелді елміз. Азық-түлік дүкендерімізді толтырып тұрған өнім атаулының жартысынан астамы солтүстік көршімізден келеді.

«Ресей валютасының шамадан тыс нығаюы көрші нарық экономикасындағы бұрмалануларға байланысты. Санкциялар фонында Ресейге қарай импорт құлдырады. Елде ендігі қажеті де жоқ доллар жинақталып қалды. Ресейліктер ешкіммен сауда жасай алмайды. Халықаралық компаниялар нарықтан кетіп жатыр. Нәтижесінде, рубль нығаюды бастады. Бірақ бұл соншалықты жағымды картина емес, өйткені рубльдің күшеюі Ресей экономикасындағы реалды жағдайға әсер етіп жатқан жоқ. Рубльге қатысты теңге курсына Ұлттық банк әсер ете алмайды. Рубльдік резерв жоқ. Ол валюта біздің нарықта еркін саудаланады. Оның үстіне, қолма-қол ақшамен ол бізде тіпті көп. Соның салдарынан айырбастау бекеттері рубльді ресми бекітілген курстан төмен сатқысы келеді. Рубльдің нығаюына байланысты біздің елге келетін импорт қымбаттады және бұл инфляцияға үлкен «үлес қосып жатыр», дейді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Jusan Analytics сарапшыларының шолуына сүйенсек, мамырда инфляция деңгейі 14 пайызға шықты және қымбатшылық барлық компонент бойынша байқалып отыр. Әсіресе, азық-түлік өнімдері – 19 пайыз (сәуірде 17,9 пайыз болған), азық-түліктік емес тауарлар – 11,9 пайыз (сәуірде 11,1 пайыз болған) және ақылы қызметтер 9,1 пайыз (сәуірде 8,9 пайыз болған) деңгейінде.

Экономист Ғалымжан Айтқазин теңгеге қатысты рубльдің дәл бұлай қымбат болуы Ресейден тауар мен қызмет сатып алатын қазақстандық өндірушілер үшін өте жағымсыз деп айтады.

«Қымбаттаған рубль біздің экономикаға деген проинфляциялық қысымды арттырады. Біздің валюталарымыз арасындағы айырбас курсының әлсіреуі тауарлар мен қызметтердің ақырғы бағасына әсер етеді. Ресейдің өзінде инфляцияның төмендеуіне және рубльдің долларға айырбастау бағамының нығаюына байланысты дезинфекциялық сигналдар байқалғанына қарамастан осылай болып отыр. Дегенмен, бағаның баяулауы тұрақсыз болуы мүмкін, өйткені өндірушілердің қорлары, әсіресе импорттық жеткізілімдерге тәуелді қорлар таусылады, ал импорттық жеткізілім арналары санкциялардан кейін қайта құрыла алмады. Егер қор одан әрі азая берсе онда баға да өсе береді. Бәрі жылдың соңында белгілі болмақ», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, рубльдің қымбаттауы бірінші кезекте біздегі:

  • Ресейден құрылғы мен шикізат алып келген өнеркәсіптік кәсіпорындарға;
  • Құрылыс материалдарының

қымбаттауына алып келеді.

«Импорттаушылар үшін қазір Ресейден тауар алып келу тиімсіз болса, экспорттаушылар үшін пайдалы. Теңгеге қатысты кросс-курс өсіміне байланысты олар көп пайда алады. Алайда Ресейге қатысты туындауы ықтимал саяси тәуекел де бар. Өйткені тағы да санкциялар салынуы мүмкін. Соған қарамастан екі ел арасындағы тауар айналымы қысқарады деп ойламаймын. Керісінше, Қазақстан арқылы Ресейге тауар жеткізу қозғалысына орай айналым көлемі өсуі мүмкін», деп топшылайды Айтқазин.

Қазақстанның РФ-дағы сауда өкілдігінің мәліметі бойынша, былтыр, яғни, 2021 жылы Ресей Қазақстанға 18,4 млрд доллардың тауарын экспорттаған. 2020 жылмен салыстырғанда экспорт сомасы 31 пайызға артқан. Қазақстан көршілес елден негізінен мына тауар түрлерін көп тасымалдайды:

  • Көлік құрастыру құрылғылары;
  • Химиялық өнеркәсіп өнімдері;
  • Металл және одан жасалатын бұйымдар;
  • Минералды өнімдер.

 Шикізаттық емес тауарлар тобы оң динамикаға ие. Дәлірек айтар болсақ:

  • Азық-түлік тауарлары;
  • Ағаш сүрегі;
  • Целлюлоза-қағаз бұйымдары;
  • Әртүрлі қымбат металдар;
  • Текстиль тауарлары;
  • Аяқ киімдер.

Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай 2021 жылы Қазақстанға жіберілген азық-түлік және ауыл шаруашылық тауарларының импорты 2020 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсім көрсетіп, 2 741 млн долларға жеткен.

Ал Қазақстан 2021 жылы Ресейге 6,87 млрд доллардың өнімін экспорттаған және көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 36 пайызға ұлғайған. Жалпы, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 25,5 млрд долларды құраған. Қазақстан Ресей үшін сыртқы саудадағы маңызды серіктес ел саналады және сыртқы сауда серіктестерінің ішінде ТМД-да – 2, әлем бойынша – 10-орын алады.

Қазақстан Ресейге негізінен:

  • Минералды өнімдер;
  • Металл және одан жасалған өнімдер;
  • Көлік құрастыру саласындағы тауарлар;
  • Химиялық өнімдер;
  • Азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізеді.

Енді Ресейге қарай экспортты одан сайын өрістететін мүмкіндік ашылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз