Қазақстандағы АЭС құрылысы 2032 жылы аяқталуға тиіс
«Самұрық-Қазына» қоры күні кеше Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Қор 13 басым жобаның бірінші пакетін 2022 жылдың көктемінде жариялаған. Оған Алматы ЖЭО-ны газдандыру, Батыс Қазақстанды сумен жабдықтау, жаңа газ құбырлары мен темір жолдар салу сияқты бастамалар кірді.
Ал 16 жобаның жаңа тізімінде мұнай-газ химиясы, Ұлттық электр желісін жаңғырту, базалық қуат көзін салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары, 5G интернет желісін салу, жаңа теміржолдарды салу және т.б. жобалар қамтылған.
«Негізгі жоба – еліміздің оңтүстігінде базалық қуат көзін салу жобасы. Болжамдық-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2400 мегаваттқа дейінгі атом станциясын салу қажеттігін көрсетті. Сондықтан Үкіметтің жетекшілігімен Қор осы жобаны іске асыруға кірісті», деді спикер.