Елде қолма-қол рубльге сұраныс күрт өскен

Жарияланды 25 Қыркүйек 2026 17:09

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Тамыз айында айырбастау пункттеріндегі қолма-қол рубльдің нетто сатылымы бір айда шамамен 49 есе өсіп, 6,2 млрд теңгеге жетті. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, сатылым мен сатып алу арасындағы айырманы көрсететін нетто сатылым екінші ай қатарынан оң мәнде қалып отыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Нетто сатылымның оң болуы халық тарапынан қолма-қол рубльге сұраныс бар екенін білдіреді. Ал теріс көрсеткіш сұраныстың жоқ екенін көрсетеді.

2022 жылғы сәуірге дейін халықтың қолма-қол рубльге сұранысы тұрақты түрде жоғары болды. Ол кезде ай сайынғы нетто сатылым ондаған миллиард теңгемен өлшенетін. Алайда кейін сұраныс төмендеп, ұзақ уақыт бойы мүлдем байқалмады. Соңғы жеті жылға жуық кезеңдегі ең ұзақ теріс көрсеткіш 2024 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін, яғни 14 ай бойы сақталды.

Сондықтан тамыздағы күрт өсімге қарамастан, халықтың қолма-қол рубльге тұрақты қызығушылығы қайта оралды деуге әлі ерте. 2026 жылдың өткен сегіз айының төртеуінде ғана нетто сатылым оң мән көрсетті. Бұл көрсеткіштер 2022 жылғы сәуірге дейінгі деңгейден әлі де айтарлықтай төмен.

Айта кетерлігі, қолма-қол рубльге сұраныстың өсуі ресейлік валютаның теңгеге қатысты әлсіреуімен тұспа-тұс келді. Тамыз қорытындысы бойынша теңге рубльге қатысты 10,1%-ға нығайып, соңғы бір жарым жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге жетті. Теңгенің рубльге қатысты нығаю үрдісі бұған дейін үш ай бойы жалғасқан.

Data Hub дерегінше, нетто сатылымның өсуіне Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары айтарлықтай әсер етті. Бұл төрт өңір жиынтығында айлық өсімнің 60%-ын қамтамасыз еткен.

Тамыз айында айырбастау пункттерінде қолма-қол доллардың сатылымы сатып алудан 141,4 млрд теңгеге асып түсті. Бір айда бұл көрсеткіш 15%-ға, ал бір жылда 2%-ға өсті.

Еуроның нетто сатылымы керісінше соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге түсіп, 2,1 млрд теңгені құрады. Бұл бір айда 81%-ға, бір жылда 69%-ға төмендеген.

Ал Ресейдегі бюджет тапшылығы 7 трлн рубльден асуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз