Цифрлық теңге Binance-те сынақтан өтуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
BNB Chain токені жайлы сөз болып жатыр

Цифрлық теңге ең ірі Binance криптовалюта биржасында сынақтан өтуі мүмкін. Бұл туралы Twitter-де криптобиржаның бас директоры Чанпэн Чжао жазды.

Оның айтуынша, жақында Қазақстан Ұлттық банкі бақыланатын ортада, нақты тұтынушы және сатушылармен брлесе отырып, CBDC (цифрлық теңге. – «Курсив») пилоттық жобасын іске қосқан.

«Қазақстан Ұлттық банкі CBDC-ты пайдалану нұсқаларын қашан шығарады деп асыға күтіп отырмыз. Бұл шара банктердің дәстүрлі қызметі мен криптоэкожүйе арасындағы алшақтықты қысқарту және оның BNB Chain тізбегіне қалай бірігетінін байқау үшін керек», – деп жазды Чжао.

Осы орайды «Курсив» ҚР Ұлттық банкінен осы ақпарат жөнінде түсініктеме беруді өтінгенімен, жаңалық жарияланған уақытта жауап алмаған.

Бұған дейін хабарланғандай, Binance криптовалюта биржасы АХҚО-да цифрлық активтер платформасын басқаруға және кастодиандық қызметтерді көрсетуге лицензия алған. АХҚО Қаржы қызметтері органының (AFSA) тұрақты лицензиясы Қазақстандағы Binance-ке реттелетін платформа мәртебесін береді.

Сондай-ақ оқыңыз