Шағын қаржы ұйымдары 50 млн теңгеге дейін несие бере алады
2020 жылғы 1-қаңтардан шағын қаржы ұйымдары беретін несиенің ең жоғары сомасы көбейеді. Ұлттық банк шағын несие нарығын реттеуге бағытталған құқықтық актілерге осындай өзгеріс енгізеді.
Қазіргі кезде шағын қаржы ұйымдары қарыз алушыға ең көп дегенде, 8 мың АЕК (шамамен, 20 млн теңге) мөлшерінде қарыз берсе, 1-қаңтардан бастап ШҚҰ бере алатын несиенің ең жоғары сомасы –20 мың АЕК-тен, яғни 50 млн теңгеден асады.
«Бұл өзгеріс шағын қаржы ұйымдары клиенттерінің, олардың ішінде, орта бизнес өкілдері де бар, қатарын көбейтуге ықпал етеді. Қазірдің өзінде ШҚҰ-ның тұрақты клиенттері несие көлемін көбейту туралы өтініштерімен келіп жатыр», – дейді ШҚҰ қауымдастығының директоры Ербол Омарханов.
Сонымен қатар, жаңа құжат қаржыгерлердің қарыз алушыны мұқият тексеруіне мүмкіндік береді. Қарыз жүктемесі коэффицентін есептеудегі өзгерістер бойынша, қарыз алушының төлем қабілетін алдын-ала бағалауда тағы бір кезең енгізілмек. Яғни, қарыз алушының табысынан, алдымен, ең төменгі күнкөріс деңгейін және отбасының кәмелетке толмаған әр мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысын алып тастау ұсынылып отыр.
«Бұған дейін бақылаусыз жатқан сала енді Ұлттық банктің қатаң қадағалауында болады. Барлық несие ұйымдары кредит бюросына бүкіл ақпаратты жіберіп отыруы тиіс. Жан-жақты ақпарат жиналатындықтан, борышкердің төлем қабілетін нақты бағалаймыз»,– деп түйіндеді спикер.