Қазақстан 20 мың тонна мұнайды Германияға Ресей арқылы тасымалдайды
«ҚазТрансОйл» ақпан айында «Дружба» құбыры арқылы Германияға 20 мың тонна мұнай жеткізетінін растады, деп жазады Interfax.ru
ҚазТрансОйл» компаниясының баспасөз қызметі «Дружба» құбыры арқылы 20 мың тонна мұнай тасымалдауды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Қазақстан мұнайы одан әрі Германияға жеткізіледі.
«ҚР Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ ақпан айында одан әрі Германияға жеткізу үшін «Дружба» мұнай құбыры арқылы «Адамова-Застава» мұнай жеткізу пунктіне 20 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр», делінген мәлімдемеде.
Компания 2022 жылдың желтоқсан айында 2023 жылы 1,2 миллион тонна қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу үшін «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыр жүйесінің «Адамова-Застава» бағыты арқылы тасымалдауға жыл сайынғы өтінім берген. Бұл транзит Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы келісім аясында жүзеге асырылатын.
Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ақпан айының бірінші жартысында «Дружба» құбыры арқылы Германияға 20 мың тонна мұнайдың сынақ партиясын жіберілетінін хабарлаған болатын.
Еуропалық компаниялар ресейлік мұнайға деген тәуелділікті азайту үшін Қазақстанға шикізат жеткізу туралы өтінішпен жүгінген. Ресей Федерациясы Астананың шикізатты «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға тасымалдау туралы өтінішін мақұлдады. Бірінші тоқсанда ҚТО 300 мың тонна мұнайды Германияға тасымалдауды жоспарлап отыр. Ақшолақов журналистерге Қазақстан 2023 жылы Германияға 1,5 миллион тонна мұнай экспорттауды көздеп отырғанын және оның көлемін 7 миллион тоннаға дейін арттыруы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және климатты қорғау істері министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнер және Астанада Германияның Бундестаг депутаты Кристиан Гёркемен кездескен кезінде немістер қазақ мұнайына қызығушылық танытып отырғаны хабарланған еді. Кездесу барысында тараптар Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын экспорттау мәселелерін талқылаған.