Halyk Finance сарапшылары жылдық инфляция қарқынды түрде төмендейтініне күмәнмен қарайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Halyk Finance
Halyk Finance сарапшылары инфляция биыл қатты төмедемейтінін айтты. Фото: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары Қазақстандағы жылдық инфляция биыл қатты төмендемейді деп тұжырымдайды. Өйткені былтыр бір жыл ішінде 10 пайыз азайған инфляцияның одан әрі төмендеуіне ықпал етер алғышарт аз. 2024 жылдың екінші жартысында ғана 9 пайыздан төмендеуі мүмкін.

Авторлардың болжамы бойынша, биыл жыл соңында инфляция 8,5%-ды құрап, маңызды инфляциялық факторлар сақталады. Алайда Halyk Finance сарапшылары бұл Ұлттық банктің ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуына кедергі келтірмейді деп атап өтті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы жылдық инфляция биыл қаңтарда 9,5%-ды құрады. Ал 2023 жылы желтоқсандағы көрсеткіш 9,8% болған.

Қазақстанда екі таңбалы жылдық инфляция 2022 жылғы наурыздан бастап байқалды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,3%-ға жетті, ал 2023 жылдың ақпанына қарай 21,3%-ға дейін жеделдеді. Бұл ең жоғары көрсеткіш болды. Содан бері баға өсімі біртіндеп баяулады. 2023 жылдың шілдесінде көрсеткіш 14% болса, қазан айында 10,8%-ды құрады.

Инфляцияның өсуіне жауап ретінде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерген болатын. 2022 жылы бес рет өзгеріп, жыл соңына дейін рекордтық 16,75% деңгейге жетті. Былтыр тамыз айынан бастап реттеуші ақша-несие саясатын жеңілдетуге кірісті және ставканы бірнеше рет төмендетті. Қазіргі уақытта ол 15,25%-ды құрайды.

Halyk Finance мамандары баға өсіміне былтыр Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге қаржының алынуы да әсер етеді деп тұжырымдайды. Оған қоса жыл басынан ең төменгі жалақы көлемі өсті. Коммуналдық қызмет құны да 20-30 пайызға қымбаттап, бензин бағасы да көтеріледі. Одан бөлек, сарапшылар биыл теңге бағамы да аздап құнсызданады деп тұжырымдайды.

Мамандар Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені әлі де жоғары ұстап отырғанын айтады. Halyk Finance елдегі инфляцияның тұрақтануы Ұлттық банкке ақша-несие саясатын жұмсартуды жалғастыруға мүмкіндік береді деп пайымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз