Доллар 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе

Жарияланды 20 Қазан 2026 10:19

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Күздің басынан бері теңгенің айтарлықтай нығаю ықтималдығы жиі талқылана бастады. Кейбір сарапшылар қолайлы жағдай қалыптасса, доллар бағамы 400 теңгеден де төмен түсуі мүмкін екенін айтады. 19 қазандағы ресми бағам 452,12 теңге болғанын ескерсек, 400 теңгеге жету үшін АҚШ валютасы теңгеге шаққанда тағы 11%-дан астам арзандауы қажет.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина EconomIQ Telegram-арнасында мұндай сценарийдің экономикалық алғышарттары бар екенін жазды. Оның пікірінше, доллардың 400 теңгеден төмен түсіп қана қоймай, сол деңгейде тұрақтауы үшін бірнеше фактор бір мезгілде сәйкес келуі керек.

Теңгенің нығаюына не әсер етуі мүмкін

Олардың қатарында әлемдік нарықта АҚШ долларының әлсіреуі, Қазақстанда жоғары нақты пайыздық мөлшерлемелердің сақталуы, шетелдік инвесторлардың теңгемен номинацияланған мемлекеттік облигацияларға қаражат салуын жалғастыруы, мұнай бағасының жоғары болуы және ішкі нарықтағы валюта ұсынысының тұрақтылығы бар.

Жаналинаның бағалауынша, қазір осы факторлардың бір бөлігі теңгеге қолдау көрсетіп отыр. Қазақстандағы жоғары пайыздық мөлшерлемелер теңгемен номинацияланған мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін арттырады. Ал мұнай бағасының жоғары болуы экспорттық түсімдердің өсуіне және ішкі валюта нарығындағы ұсыныстың сақталуына ықпал етеді.

Теңге үшін тағы бір оң фактор – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарының халықаралық индекстерге қосылу перспективасы. J.P. Morgan Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына GBI-EM индексіне ықтимал енгізу үшін Index Watch-Positive мәртебесін берген. Егер бұл шешім кейін нақты индекске қосылуға ұласса, Қазақстан нарығына шетелдік капитал ағыны ұлғаюы мүмкін.

Алайда сарапшы теңгенің 400 деңгейіне дейін нығаюына кедергі келтіретін сыртқы факторлар да жеткілікті екенін атап өтеді.

Соның бірі – АҚШ долларының әлемдік нарықтағы позициясы. DXY индексінің жоғары деңгейде сақталуы және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ақша-кредит саясаты долларлық активтердің тартымдылығын қолдайды. АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт жоғары деңгейде қалса, инвесторлар үшін дамушы нарықтардың активтерімен салыстырғанда долларлық құралдардың бәсекеге қабілеттілігі артады.

Бұл Қазақстан сияқты нарықтарға келетін капитал ағынын шектеуі мүмкін.

Бұдан бөлек, теңгенің шамадан тыс жылдам нығаюының өзі жаңа инвесторлар үшін тәуекел туғызады. Егер инвестор Қазақстан облигацияларын теңге өте күшті кезде сатып алып, кейін ұлттық валюта әлсіресе, бағам айырмасынан жоғары пайыздық кірістің бір бөлігін жоғалтуы ықтимал.

Сондықтан теңге күшейген сайын Қазақстан активтеріне жаңа капитал тарту бір кезеңде баяулауы мүмкін.

Доллардың 400 теңгеден төмен түсуі мүмкін

Венера Жаналинаның бағалауынша, доллардың 400 теңгеден төмен түсу сценарийін толығымен жоққа шығаруға болмайды. Алайда әзірге оны негізгі сценарий ретінде қарастыруға ерте.

Мұндай деңгейге жету үшін Қазақстандағы жоғары мөлшерлеме мен қымбат мұнайдың өзі жеткіліксіз. Бұған қоса әлемдік нарықта доллар әлсіреп, Қазақстанға тұрақты әрі ауқымды шетелдік капитал келуі қажет.

Сондықтан жақын кезеңде теңгенің бір бағытта үздіксіз нығаюынан гөрі, валюта нарығында жоғары құбылмалылық сақталып, доллар бағамының жаңа тепе-теңдік деңгейін іздеуі ықтималырақ.

Тағы да оқығыз: Доллар бағамы дүйсенбіде 452,6 теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз