Депутаттар ірі банктерді бөліп, мобильді аударымдарды толық бақылаудан бас тартуды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
бөлуді
«Ақжол» партиясының депутаттары өз ұсыныстарын жолдады. Фото:kursiv.media

«Ақжол» партиясының депутаттары еліміздегі ірі банктерді бөлуді ұсынады. Олар нарықты монополиядан арылту қажет деп санайды. Оған қоса мобильді аударымдарды толық бақылаудан бас тартуға шақырды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында Азат Перуашев 6 ірі банк ЕДБ активтерінің 67 пайызына иелік етіп отырғанын айтты.

Депутаттың пайымдауынша, 6 банктің нарықтың үштен екі бөлігін иеленуі дұрыс емес. Банк секторындағы бәсекені арттыру мен несие беруді ынталандыру үшін ірі қаржы ұйымдарын бөлу қажет.

«Ақша-несие саласында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін барынша төмендетіп, банк нарығын монополиясыздандыру орынды деп санаймыз.  Бүгінгі таңда алты ірі банк барлық екінші деңгейлі банктер активтерінің 67 пайызын (үштен екі бөлігін) бақылауда ұстайды. Бұл дұрыс емес. Бәсекені қамтамасыз ету және несиелеудің икемді шарттарын ынталандыру үшін ең ірі банктерді бөлуді қарастыру керек», – деді ол.

Сонымен қатар депутаттар салық саясатын ырықтандыру аясында сараланған салық мөлшерлемесін енгізіп, бөлшек сауда салығын төмендетуден бөлек, шағын және орта бизнес есебі мен тексерісіне байланысы жоқ патенттік режимді қолдануды кеңейтуді ұсынады. Перуашев мобильді төлемдерді толық бақылаудан бас тарту қажет деп тұжырымдайды. Тек есепшотына айына 1 млн теңгеден аса қаржы түсетіндерді бақылау керек.

«Бизнеске қосымша қысым жасап қана қоймай, сонымен қатар инфляцияның көзі болған әкімшілік құрал ретінде қолданылатын утильалым әдістемесі, тауарларды таңбалау, БЖЗҚ төлемдері, медициналық сақтандыру қоры және т.с.с. тиімсіз пайдаланылып, қоғамнан жасырылған 90-ға жуық түрі бар міндетті төлемдерді қайта қарау – жеке мәселе. Олардың барлығы еркін экономикаға үлкен кедергі болып отыр»,- дейді.

Партия өкілдері жекешелендіру мәселесіне де ерекше назар аударды. Депутаттың айтуынша, жекешелендіру әдісін таңдауға тек белгілі бір топтың ғана мол қаржылық мүмкіндігі бар. Перуашев тікелей сату әдісі бай мен кедей арасындағы  әлеуметтік алшақтықты одан сайын ұлғайтады деп отыр.

«Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы мемлекеттік кәсіпорындардың құнында қоғам, шағын және орта бизнес серіктестерінің еңбек үлесі ескерілетін Чили мен Ұлыбританиядағы сәтті жекешелендіру бағдарламаларының үлгісі бойынша «халық капитализмі» тұжырымдамасы туралы ұсыныстарды жылдар бойы алға тартып келеді. Сондай-ақ жекешелендіру аясында банктер іске аспай қалған бизнестен кепіл ретінде алған активтерді экономикалық айналымға қайтаруды қарастыру қажет», – деді депутат.

«Ақ жол» партиясының депутаттары бұған дейін де мобильді аударымдарды бақылауға қатысты депсауал жолдаған. Олар мұндай бақылаудан қарапайым халық қиналатынын айтқан.

«Мобильді аударымдардың фискалды бақылауы орта және шағын бизнес үшін үлкен кедергі келтіріп отыр. Орта және шағын бизнес өкілдері – олигархия емес. Олар шағын ғана саудамен айналысатын қарапайым адамдар. Олар мемлекет бюджетін жеп, офшорға шығарып жатқан жоқ. Мұндай кәсіпкерлер салықтан 5 мың теңгеге жалтарғанның өзінде бұл ақша мемлекет ішінде қалады»,- деген еді депутат Асқар Садықов.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, қарапайым халықтың мобильді аударымдары туралы ақпарат 2026 жылдан бастап тексеріле бастайды. Тексеріс 2025 жылы жасалған мобильді аударымдар бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз