8 қылмыстық іс қозғалды: жабылған банктердің топ-менеджерлері банктерге 118 млрд теңге шығын келтірген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
банктердің
Таратылған банктердің басшылары 118 млрд теңге шығын келтірген / Коллаж: kursiv.media

Қазақстанда 9 банкті мәжбүрлеп тарату жалғасып жатыр. Ал «Қазақстандағы Пәкістан Ұлттық Банкі» ЕБ АҚ лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мәжбүрлеп таратылып жатқан банк акционерлері мен басшылары келтірген шығын көлемі 118 миллиард теңге және 93 млн долларды құрайды.

Жойылған банктердің акционерлер мен топ-менеджерлері қайтарымсыз несиелер беріп, өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланған. Банктерді тарату комиссиясы осы шығынды өндіріп алу үшін сотқа жүгінген.

«01.01.2024 жылғы жағдай бойынша жекелеген банктердің тарату комиссияларының құқық қорғау органдарына өкілеттіктерін теріс пайдалану, акционерлер мен банк басшылығының банктерге келтірілген залал сомасына шамамен 118 млрд теңге және 93 млн АҚШ доллары көлемінде қасақана қайтарымсыз кредиттер беру фактілері бойынша жіберген өтініштері негізінде қозғалған 8 қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда»,– делінген ҚНРДА есебінде.

Банктерді тарату процесі басталғалы сотқа 7,5 мың талап-арыз қойылған. Соның ішінде 340 талап-арыз соттың қарауында жатса, 6 138 талап-арыз бойынша шешім заңды күшіне енген. Қойылған талап-арыз сомасы 1,4 млрд теңгені құрап, оның 1 млрд теңгесі қанағаттандырылған.

Агенттік мәліметінше, Delta Bank, «Қазинвестбанк», AsiaCredit Bank басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша шешім шығып, заңды күшіне енген. Бұл банктердің басшылары қаржы ұйымдарына 292 млрд теңге және 175 млн АҚШ долларына тең залал келтірген.

Банктердің тарату комиссияы былтыр жалпы сомасы 20 771 млн теңгеге
кредиторлармен есеп айырысқан. Ал тарату процесі басталғалы кредиторларға 99 млрд теңге қайтарылған.

Қазіргі кезде Tengri Bank, Астана банкі, Эксимбанк Қазақстан, Capital Bank Kazakhstan, AsiaCredit Bank, Qazaq Banki, Delta Bank, Валюттранзит Банк және Қазинвестбанк мәжбүрлі таратылып жатыр.

Бұл банктер ликвидациясының қазіргі банк секторының жағдайына әсері төмен. Себебі ликвидация тізіміндегі 9 банктің лицензиялары 2006 және 2021 жылдар аралығында тартып алынған. Сонымен қатар тізімдегі ешбір банк таяу арада қызмет көрсетпеген. Яғни нақты қызметі тоқтап қалған банктер. Белгілі бір деңгейде бұл ликвидацияның әсеріне келсек, онда мемлекет нарықта тиімсіз қызмет еткен банктерден құтылып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз