Қазақстан даму банкі ірі және орта бизнестің несиесіне кепілдік беріп, тәуекелдер үшін төленетін комиссияны субсидиялайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
кепілдік беру
ҚДБ кепілдік беру жаңа тетіктерін енгізеді. Коллаж kursiv.media (kdb.kz және shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

«Қазақстанның Даму Банкі» (ҚДБ) екінші деңгейлі банктерде (ЕДБ) орта және ірі бизнеске кепілдік беру жаңа тетіктерін таныстырды. Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, ереже аясында кепілдік беру ісіне екі жаңа тетік енгізілген.

Біріншіден, тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып, кәсіпкерлерге кепілдік беру. Екіншіден, ЕДБ-нің жеңілдетілген қаржыландыруын ұсына отырып, кепілдік беріледі.

Бірінші тетікте ҚДБ кепілдігі үшін комиссия республикалық бюджет есебінен төленеді. Бұл ретте ҚДБ кепілдігі кәсіпкердің банктен алған қарызының 90%-нан аспайды.

Тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып, кепілдік:

  • қаржы институттарының кредиттерін пайдалана отырып, жаңа өндірістерді құру және қолданыстағы өндірістерді жаңғырту үшін орта және ірі инвестициялық жобаларға (жобалық қаржыландыруды қоса алғанда);
  • кәсіпкерлер экспорттық сатуды ұлғайту үшін айналым қаражатын толықтыруға ЕДБ-нің қысқа мерзімді қаржыландыруын пайдаланатын экспорттық операцияларға беріледі.

Жаңа өндіріс орындарын құратын кәсіпкерлерге берілетін кепілдік сомасы 3,5 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін жетеді. Кепілдік мерзімі 10 жылға дейін деп қарастырылған. Ал экспорттық операцияларға 1 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін 3 жылға кепілдік берілмек. ҚДБ осы тетік аясында 2024 жыл соңына дейін кемінде 100 млрд теңгеге кепілдік беруді жоспарлап отыр.

ЕДБ-ге жеңілдетілген қаржыландыруды ұсына отырып кепілдік беру тетігі банктердің жеңілдетілген шарттармен (11,5% аспайтын мөлшерлеме бойынша) ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды кредиттеуі үшін көзделген. Бұл ретте ҚДБ-ның ішінара кепілдігі бойынша тәуекелдер үшін комиссия ЕДБ-нің кредит бойынша сыйақы есебінен төленеді. Бұл тетік 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

«Кепілдік берудің жаңа құралдары орта және ірі бизнеске ЕДБ-де капиталға қол жеткізу үшін көбірек мүмкіндік ашады. Инвестициялық жоспарлар мен экспорттық келісімшарттарды жүзеге асыруға көмектеседі. ЕДБ, өз кезегінде ҚДБ кепілдігі түрінде жоғары сапалы кепілді пайдаланудың арқасында кредиттік тәуекелдерді төмендетіп және қаржыландырылатын жобалар санын ұлғайта алады. Тұтастай алғанда, ҚДБ мен ЕДБ арасындағы ынтымақтастық ымырасы ұзақмерзімді қарыздарды құрылымдау мен қаржыландырудағы экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орта және ірі бизнестің дамуын ынталандыра отырып, кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді», – деп көрсетілген хабарламада.

Қазақстан даму банкі жаңа тетік аясында алғашқы мәмілені мақұлдаған. Бұл – «Састобе» инновациялық кешені» ЖШС. Ол каустикалық сода мен поливинилхлорид өндіреді. Жобаны іске асыру үшін ҚДБ «Қазақстан Халық Банкі» АҚ пайдасына 15 млрд теңгеге кепілдік береді. Түркістан облысындағы жаңа зауыт қазақстандық мамандар үшін 346 жұмыс орнын ашады.

Қазақстан Даму Банкі – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банк мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектеседі. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». 

Сондай-ақ оқыңыз