Прокурор Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауға алуды сұрады: әнші айыппұлмен құтылғысы келеді

Жарияланды 5 Шілде 2024 13:26

(жаңартылды 5 Шілде 2024 13:36)
post.authors.0.name

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media

Прокурор Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауға алуды сұрады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұшақ бортында бұзақылық жасады деп айыпталған әнші Қайрат Нұртастың ісін қарады. Сотта мемлекеттік айыптаушы әншіні 15 тәулікке қамауды сұрады. Қайрат Нұртас өзінің концерттері мен тойлары барын айтып, тек айыппұл жазып беруді өтінді.

«Айдарбеков (Қайрат Нұртас – ред.) борттағы тәртіпті сақтамау және айналасындағы адамдар кедергі келтіру, сондай-ақ жәбірленушіге жеңіл дене жарақатын келтіру, яғни әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 434-бабының 2-бөліміне, 73-бабы 1-бөліміне сәйкес айыпталып отыр. Айдарбековтің іс-әрекеті жәбірленушінің сөзімен, сот-медициналық сараптамасымен дәлелденіп отыр», – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы 434-бабының 2-бөліміне сәйкес, Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауды сұрады. Екінші іс бойынша (73-бабы 1-бөлімі) жәбірленушімен келісімге келгенін атап өтті.

Айта кетейік, іске жәбірленуші Асылбек Бекқайыров пен айыпталушы Қайрат Айдарбековтен (Нұртас) бөлек, Қайраттың қоғамдық қорғаушысы ретінде анасы мен інісі қатысты.  

Жәбірленуші Асылбек Бекқайыровтың сөзінше, ол Қайрат Нұртаспен (Айдарбеков) бұрыннан дос екендігін алға тартып, өз туысының тойына келіп өнер көрсетуді сұраған. Айдарбеков бірнеше сағат жауап бермей, кейін оған балағат сөздер айтқан. Біраз уақыт өткеннен кейін екеуі Алматыда Астанаға ұшқан ұшақ бортында кездесіп, сол жерде араларында қайта дау туған. Қайрат Нұртастың сөзінше, Бекқайыров оған бірінші қол көтерген. 

«Мен негізі жәбірленушімін. Маған бірінші қол көтерді. Өзімнің қалай айыпталғанымды білмей қалдым», – деді Қайрат Нұртас.

Қайрат Нұртастың Інісі Аян Айдарбеков осы фактіні қайта-қайта сұраумен болды. Ол сот сөзін бөліп, кімнің бірінші қол көтергенін өз ағасынан да, Бекқайыровтан да қайталап сұрады.

Анасы Гүлзира Айдарбекова екі тараптың бұрыннан дос екенін айтып, өзара келісімге келуге шақырып, Бекқайыровтан Қайратқа кешірім беруді сұрады. Бекқайыров өзінің кешірім бергенін айтты.

«Алдағы уақытқа концерттерім мен тойларым жоспарланғанын ескере отырып, айыппұл түрінде жаза кесуіңізді сұраймын. Айыппұлды төлеймін», – деді Қайрат Нұртас.

Сот кеңесу бөлмесіне кетті.

Көліктегі полиция ұшақ бортында бұзақылық және денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша белгілі әнші Қайрат Нұртасты ұстаған.

Айта кетейік, бұл әншіге қатысты қозғалған 2024 жылдағы екінші әкімшілік құқық бұзушылық іс. 29 сәуірде әнші сахнада балағат сөз айтқаны үшін ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз