Димаш Құдайберген Польшада жаңа әлемдік турын бастады

Жарияланды 19 Қазан 2026 15:36

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Dimashnews.com

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Польшаның Краков қаласында жаңа DIMENSIONS әлемдік турының алғашқы концертін өткізді. Мыңдаған көрермен жиналған залда бірнеше жаңа әнін орындап, ерекше сахналық шоу ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында өткен концертке әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлер жиналды. Әнші концертті қазақ тіліндегі «Dimensions» композициясымен ашты. Жаңа турдың бағдарламасына арнайы жазылған туындылардың басым бөлігінің авторы – Димаштың өзі.

Шоудың келесі бөлімі «Fire» әнімен басталды. Сахнадағы қойылымда шынжырлар қолданылып, ерекше көрініс ұсынылды. Одан кейін әнші ағылшын тіліндегі «Drive On», «Tell Me Why» және інісі Мансұр Құдайберген жазған «Release My Soul» композициясын алғаш рет орындады.

Димаш сахнаға кішкентай жанкүйерін шақырды

Концерттің әсерлі сәттерінің бірі молдовалық Тимур есімді баланың сахнаға көтерілуі болды. Қолындағы баннерімен әншінің назарын аударған жас жанкүйер Димаштың шақыруымен көпшілік алдына шықты.

Ол әншінің қолдауымен «Любовь уставших лебедей» және «S.O.S» шығармаларынан үзінділер орындады.

Сондай-ақ концерт барысында жанкүйерлер Димашқа «Мен сіздерді жақсы көремін» деген сөздің поляк тіліндегі аудармасын үйретті. Әнші бұл тіркесті көрермендермен бірге әуенге қосып айтты.

Сахнада Димаштың балалық және қарттық бейнесі көрсетілді

Шоудың үшінші бөлімінде көрермендер ерекше қойылым тамашалады. Алдымен үлкен экраннан Димаштың бала күнгі бейнесі көрсетіліп, оның орындауында «Omir» әні басталды.

Кейін сахнадағы Димаш әнді экранда бейнеленген өзінің егде жастағы нұсқасымен бірге жалғастырды.

Концертте қазақтың ұлттық музыкасына да ерекше орын берілді. Әнші «Aqerke», «Тау ішінде» және «Дүрдараз» шығармаларын орындады. Әр ән жеке хореографиялық қойылыммен сүйемелденді.

фото: Dimashnews.com

Домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз жеке музыкалық нөмір ұсынды. Одан кейін Димаш «The Story of One Sky» композициясын орындап, көрермендерді бейбітшілікке үндеді. Ал қобызшы Олжас Құрманбекпен бірге «Stranger» туындысын шырқады.

Жаңа әндердің тұсауы кесілді

Краковтағы концертте жанкүйерлер Димаштың қазақ тіліндегі жаңа «Moonlight» композициясын тыңдады. Сонымен қатар «Самғау» және «Любовь уставших лебедей» әндері орындалды.

Шоудың қорытынды бөлімі «Ұмытылмас күн» әнімен басталып, түрік тіліндегі «Yazgi» композициясымен жалғасты. Концерт соңында Димаш «Give Me Your Love» және жаңа «Жаңа күн» әндерін орындады. Көрермендер әншімен бірге ән шырқап, би биледі.

Айта кетейік, Краковтағы концерт – Димаштың DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турының алғашқы кеші. Алдағы уақытта әнші Латын Америка мен Индонезияда концерт береді.

Сондай-ақ оқыңыз