Ivan Dorn, шығыс базары және тегін сыйлықтар: Алматыда Toyla music festival II қалай өтті?

Жарияланды 15 Шілде 2024 12:29

(жаңартылды 15 Шілде 2024 14:50)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Алматыда Toyla music festival II қалай өтті? / Фото: Айшолпан Керім

Демалыс күндері Алматыда осымен екінші рет Toyla music festival өтті. Іс-шараға келген қала тұрғындары мен қонақтары заманауи музыка тыңдап, ырғақты әуенге билеп, шығыс базарын аралады. Kursiv Media тілшісі де көңілді кешке барып, шараның қалай өткенін көріп қайтты.

Фото: Айшолпан Керім

Ұйымдастырушылар – Mushrooms және Pixy агенттіктері. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Toyla music festival – келген әрбір қонақ инклюзивтілікті, адамдардың, ерлер мен әйелдердің, нәсіл мен ұлттардың, барлық жас пен әлеуметтік статустың теңдігіне құрметпен қарай отырып, өмірді тойлайтын алаң.

Фото: Айшолпан Керім

Шара биыл да түрлі отандық бренд ұсынған жәрмеңке алаңын ұйымдастырып, шығыс базары стилінде өтті. Первомай тоғанында түрлі музыкалық бағыт, елдер мен қалалар, трендтер мен дәстүрлер үйлесім тапты.

Ұйымдастырушылар түрлі бағытты бір алаңға біріктіре отырып, нағыз мерекенің атмосферасын беруге тырысқан. 

Фото: Айшолпан Керім

Былтыр бұл «тойға» Қазақстаннан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан жалпы 4000-ға тарта қонақ келген. Биылғы қонақ саны бойынша мәліметті ұйымдастырушылар әзірге өңдеп болмаған. Алайда, біздің байқауымызша, биыл келген қонақ саны былтырғыдан аспаса, кем емесе. Жәрмеңкеге қатысқан әр корнердің алдында ұзын-сонар кезек тізілді.

Былтырғыдай бұл жолы да шара серіктестері келген көрерменді тегін сыйлықтарымен қуантты. Жай ғана суретке түсіп, инстаграмға сол кәсіп аккаунттын белгілеп салған адамға шара серіктестері түрлі сыйлық таратып жатты. 

Фото: Mushrooms және Pixy агенттіктері

Концерттік бағдарлама басталғанша, келушілердің іші пысып та үлгермеді. Қонақтар жиналып, қолөнер бұйымын жасауға кірісті.

Енді бірі отандық сусын өнімінің корнеріне барып, бетіне тегін сурет салдырып алды. Басқа бір топ доп тауып алып, «ыстық картоп» ойнауға кірісті.

Фото: Mushrooms және Pixy агенттіктері

Ақырындап халық сахна жаққа жинала бастады. Себебі сахнаға кеш қонақтарының бірі Menindenimsaw шығып, бірнеше әнін шырқап берді. Күн бата бастаған кезде әлемге танымал инструменталист JMSN сахнаға шығып, көпті билетті. 

Фото: Mushrooms және Pixy агенттіктері

Zoloto – Владимир Золотухин сахнаға шыққанда жәрмеңкеде жүрген халықтың жартысынан көбі жүгіріп жетті. Оның әйгілі «Улицы ждали» әнін мыңдаған адам қосыла шырқады. 

Ал билеп шаршағандар ашық алаңға өтіп, тынығып та алып жатты. Ол үшін шара серіктестері шатыр тігіп, қазақы көрпеше де төсеп қойған екен. Олармен бірге біз де тынығып, телефонымызды қуаттап алдық. Себебі сәлден кейін сахнаға Ivan Dorn шығады.

Фото: Mushrooms және Pixy агенттіктері

16.00-ге таман басталған шараға кешкі 20.00-ден кейін де келіп жатқандар да болды. Бұл – арнайы Иванды тыңдауға келген қонақтар болар деп топшыладық.

Сағат 21.00 шамасында сахнаға көптен күткен қонақ та шықты. Бұл сәтте сахна алдына жас та, кәрі де жиналып қалды. Артисті бәрі ыстық ықыласпен қарсы алып, барлық әнді қосыла шырқады. Ал Иван сахнаға Украина туын ала шықты. 

Фото: Айшолпан Керім

Ол кейінгі уақытта Қазақстанға жиі келіп кеткенін, бұған өте қуанышты екенін айтты. Тіпті жиналған халықты қазақша сөйлеп тағы бір қуантып қойды.

«Иван Дорн, қазақ – бір туған. Рақмет, Алматы!», – деді ол.

Тыңдарман артисті жібергісі келмеді. Ал шара ұйымдастырушылар 2025 жылғы Toyla music Festival дайындығы басталып кеткенін хабарлады. Айтуларынша, келесі жылғы фестивальға қатысатын артистермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Олар келесі жылы шара бұдан да ауқымдырақ болады деп уәде берді.

Фото: Айшолпан Керім

Жаз бастала салысымен алматылық жастары үшін әр демалыс сайын түрлі фест ұйымдастырылады. Бірі қайсысына барарын білмей, таңдау жасаудан қиналса, ендібірі мұндай фестер болатыны жайлы естімей, қызықтан құр қалып жатады. Алматы жазын фестивальсыз елестету қиын. Kursiv.Media алдағы екі айда болатын қызық фестивальдар тізімін әзірлеген

Сондай-ақ оқыңыз