
Apple мүлде экраны жоқ фитнес-білезік әзірлеп жатыр. Компания құрылғының алғашқы прототиптерін жасап үлгерген.
Білезік қандай болады
Bloomberg мәліметінше, прототип сенсорлары бар есептеу модулі орнатылған жұқа маталы білезік түрінде жасалған. Құрылғы денсаулық көрсеткіштері мен физикалық белсенділікті бақылауға арналған. Алайда онда экран болмайды.
Тұжырымдамасы денсаулық көрсеткіштерін бақылауға басымдық беретін Whoop фитнес-трекерлеріне ұқсайды. Олар кәдімгі смарт-сағаттарға тән функциялардан бас тартып, негізінен пайдаланушының денсаулығы мен белсенділігін бақылауға бағытталған.
Қашан шығуы мүмкін
Apple әзірге бұл құрылғыны жаппай өндіріске шығару туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Жоба әзірге әзірлеудің бастапқы кезеңінде тұр.
Егер компания құрылғыны өндіріске жіберетін болса, жаңа фитнес-трекер 2028 жылдан ерте шықпауы мүмкін.
Жобаны Apple басшылығының ішінде директорлар кеңесінің төрағасы Тим Кук пен сервистік бағыттың басшысы Эдди Кью қолдап отыр. Дегенмен компания құрылғының әзірленіп жатқаны туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, 9 қыркүйекте Apple iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max смартфондарымен қатар, өзінің алғашқы бүктемелі смартфонын iPhone Duo-ны таныстырды. Бұдан бөлек Apple жаңа сағаттарын – Apple Watch Series 12 және Ultra 4, сондай-ақ AirPods 5 құлаққаптарын да таныстырды.
Ал 18 қыркүйектен бастап Қазақстандағы Sulpak және Technodom дүкендер желісі iPhone 18 Pro және Pro Max смартфондарына алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Базалық 256 ГБ жады бар iPhone 18 Pro бағасы 849 990 теңгені құраса, Pro Max нұсқасы 909 990 теңгеге бағаланып отыр.