«Әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі – хиджаб кимегеннен басталған шаруа»: әнші Ұланғасыр Қамидің үстінен арыз түсті

Жарияланды 25 Шілде 2024 12:55

(жаңартылды 25 Шілде 2024 13:38)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

Ұланғасыр Қамидің үстінен арыз түсті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редакторы Ахтам Зиперов

Қостанай тұрғыны Саида Сисембаева әлеуметтік араздықты тудырды деп әнші Ұланғасыр Қамидің үстінен арыз түсірді. Бұған дейін әнші «әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі – хиджаб кимегеннен басталған шаруа» деп мәлімдеген.

«Біздің депутаттар бұл мәселеге бей-жай қарап, арыз жазбағаннан кейін, өзім жазуға бел будым. е-Otinish арқылы Ішкі істер министрлігіне ҚР ҚК-нің 174-бабына сәйкес әлеуметтік және гендерлік алауыздықты қоздыру, әйелдерге деген өшпенділікті насихаттау мәлімдемелерін тексеру туралы өтініш жаздым. Өтініш тіркелді, енді қандай да бір іс қозғала ма әлде әдеттегідей кешіріммен құтыла сала ма көрейік», –деп жазды Сисембаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар арыз түсіруші полицияға жазған арыздың мәтінін, ІІМ-де өтініш қабылданғанын және орындаушы тағайындалғанын растайтын е-Otinish-тен тіркелгені туралы ақпаратпен бөлісті.

«Жақында әлеуметтік желіде видео-бейнесі тараған қазақстандық әнші Ұланғасыр Камидің әйелдерге қатысты өшпенділік туғызу, сондай-ақ ҚР ҚК 174-бабына сәйкес әлеуметтік араздықты қоздыру туралы резонанстық мәлімдемесін қарауыңызды сұраймын. Осы бейне үндеуінде азамат Ұланғасыр Ками біздің зайырлы қоғамның Конституциясына қайшы келетін радикалды мәлімдемелер жасады! Мысалы, оның айтуынша, «күйеулері әйелін хиджаб кимегендіктен өлтіреді»! Менің ойымша, Ұланғасыр Камидің осындай сөздері мен мәлімдемелері еркектердің әйелдерін аяусыз өлтіру мен ұрып-соғуын ақтайды!», – деп атап өтті өтініш авторы.

Енді Ішкі істер министрлігі Ұланғасыр Қамидің «күйеулері әйелдерін хиджаб кимегені үшін өлтірген» деген сөзін тексереді.

Бұған дейін әнші әлеуметтік желіде болашақ жарына намаз оқытып, хиджаб кигізетінін айтқан болатын.

«Неге хиджаб кигізесің деген сұрақ болса, ер адам өзіне жауапкершілік алады ғой… Үйленгеннен кейін ақыретке дейін әйеліңе де сен жауаптысың, сұраласың. Егер хиджаб киіп, дұрыс жүрмейтін әйел болса, үйленбей-ақ қойған дұрыс… Әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі – хиджаб кимегеннен басталған шаруа. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады, күйеуі оны естиді де, барып өлтіріп қояды деген сияқты», – деді Ұланғасыр.

Жақында Қазақстанда әйелдер мен балаларға қауіп төнгенде дереу көмек шақыратын қосымша іске қосылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз