«Ойжұмбақ 2» тарихтағы ең табысты мультфильм болып танылды

Жарияланды 25 Шілде 2024 13:33

(жаңартылды 25 Шілде 2024 13:57)
post.authors.0.name

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Фото: imdb.com, бильд-редактор: Артур Алескеров

Disney мен Pixar компаниялары жазда ұсынған «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі тарихтағы ең табысты мультфильмге айналды.

Режиссер Келси Маннның «Ойжұмбақ 2» фильмі осыған дейінгі «Барби» мен «Мұзды өлке 2» фильмдерінің рекордтарын жаңартып, 1,49 млрд (АҚШ-та 601 млн және сыртқы нарықта 861 млн) доллар жинады. Фильм прокаттың алтыншы аптасында Жапонияда көрсетілуі тиіс. Дегенмен қазірдің өзінде әлемдегі ең көп табыс әкелген фильмдер қатарында 13-орынға жайғасты. «Ойжұмбақ 2» фильмі Мексика, Колумбия, Чили, Бразилия және Уругвайдағы ең көп табыс әкелген фильм ретінде кино тарихына енді.

Фото: imdb.com, бильд-редактор: Артур Алескеров

Анимациялық фильмнің табысы ең қысқамерзімде – премьера басталған 19 күн ішінде 1 млрд доллардан асты. Бұл 2024 жылғы ең көп табыс әкелген фильм және 1 миллиард долларлық межеден асып түскен жалғыз фильм. Мультфильм рекордты жаңартып қана қоймай, Pixar компаниясын кассалық дағдарыстан шығарды.

Фото: imdb.com, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақ тіліне аударылған америкалық Disney компаниясының «Ойжұмбақ – 2» мультфильмі 125 млн теңге касса жинады.

«Ойжұмбақ» мультфильмінің қазақша нұсқасы бастапқы қаралым бойынша үздік нәтиже көрсеткен еді. Мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде «Ойжұмбақтың» алғашқы күнгі қаралымы «Аватардан» үш есе асып түскенін хабарлады. Алғашқы прокат құны да рекордтық көрсеткішке жеткен. Касса 1 күнде 10 миллион теңге жинады.

Биыл қазақ тіліндегі дубляжды Disney компаниясы қолдаған. «Ойжұмбақ» кейіпкерлерін әнші Жұлдыз Төлепберген мен Ninety One тобының солистері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын қазақша «сөйлетті».  Екі жыл бұрын Pixar студиясы 13 жасар қыздың бой жетуі туралы «Бой жету» (Turning Red) мультфильмін түсірген еді. Енді студия көрермен назарына сол кинокартинаның жалғасы ретінде «Ойжұмбақ 2» мультфильмін ұсынған. 

Сондай-ақ оқыңыз