Дивиденд төлемейді: астық саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын компания 19 млрд теңге шығынға батқан

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Былтыр 19 млрд теңге шығынға батқан «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК дивиденд төлемейді. Компания жалғыз акционерінің шешімі Қазақстан қор биржасында жарияланған.

«Азық – түлік келісімшарт корпорациясы» – Қазақстанның астық саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын ұлттық компания. Негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдап, ішкі астық нарығын қорғау және тұрақтандыру. Сонымен қатар астықты сақтау және экспортқа жеткізумен айналысады.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық копаниясы – 100 пайыз мемлекет меншігіндегі ұйым. Оның бүкіл акциясы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.

Корпорация 2023 жылы 19 млрд теңгеге жуық шығынға батқан. 2022 жылғы шығыны 15,9 млрд теңгені құраған болатын. Былтыр компанияның жалпы табысы қатты құлдырап кеткен. 2022 жылы 10 млрд теңгеге жуық кіріс алған корпорацияның былтырғы кірісі 1 млрд теңгеден сәл асады.

Компанияның шығынға батуына қамбадағы астықтың арзандауы, бағалы қағаздарды қайта бағалау мен курс айырмашылығы әсер еткен.

Корпорация басшылығы операциялық қызмет, жарғылық капиталдың артуы, сондай-ақ банк шотындағы бос қаражатына сүйене отырып, компанияны өз міндеттемелерін орындауға толық қауқарлы деп есептейді. 2023 жылы оның жиынтық активі 275 млрд теңгені құраса, жиынтық міндеттемелері 183 млрд теңге болған.

2023 жылы Қоғамның жарғылық капиталы ел Үкіметінің 7 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, 31,4 млрд теңгеге ұлғайтылған. Сонымен қатар ұлттық компания басшылығы 2022-2025 жылдар аралығында сатып алу және сату жоспарына сәйкес, астық сату көлемін арттырмақ. Қаржы есебінде миллиардтаған шығынына қарамастан, компания алдағы уақытта өз қызметін жалғастыра беретіні жазылған.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Үкіметтің бұйрығымен 1997 жылы құрылған. Алғашқы жылдары «ҚазАгро» компаниясының құрамында болса, кейінгі жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілген. 2007 жылы «Ұлттық компания» деген мәртебеге ие болған.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» былтыр Қытайға 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз