Олимпиадаға қатысу үшін қаржыдан қиналған спортшылар кімдер?

Жарияланды 8 Тамыз 2024 20:54

(жаңартылды 9 Тамыз 2024 11:04)
post.authors.0.name

Светлана Ғалымжанқызы

Спортшылар Олимпиадаға қатысу үшін қандай қаржылай қиындықтан өткен / cryptach.org, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Төрт жылдың дүбірлі додасы – Олимпиадада жүлде алып, мемлекет туын көкке көтерген спортшыларды өз үкіметтері де марапаттап, мыңдаған доллар көлемінде сыйақы беріп жатқанын көріп жүрміз. 

Ал Қазақстан үкіметінің Олимпия ойындарынан медальмен қайтып келе жатқан жеңімпаздардың үйлерінің алдына асфальт төсеп, көшенің жолын тегістеп жатқаны туралы видеолар көрген боларсыз. Мемлекеттік сыйлықақыдан бөлек, облыс, қала әкімдіктері пәтер сыйлап, меценаттар мен кәсіпкерлердің жылқы, темір тұлпар дайындап әзір отырғаны тағы бар. 

Дегенмен Forbes агенттігінің жазуынша, бірқатар елде сыйақылар көптеген спортшының қолына тимейді, ал жүлдесіз қалғандар тіпті қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болады екен. Иә, әлемнің үздік спортшыларының қатарына кірсе де, көптеген спортшыға Олимпиада ойындарына қатысуға қажет шығынын жанама жолмен табуға тура келеді. 

Ұзақ созбай, нақты мысалдарға көшейік. Ұлыбритания атынан шығып, Парижде суға секіруден қола медаль жеңіп алған Джек Лохер мен жаңазеландиялық ескек есуші Робби Мэнсон OnlyFans деп аталатын ақылы контент жариялайтын платформадан керек-жарағына ақша тапқанын мәлімдеді. 

Джек Лохер (оң жақта). Фото: Peter Byrne/PA

Токио, Париж Олимпиадаларына қатысушы америкалық регбиші Илона Махер көп уақытын спортзалдарда емес, әлеуметтік желіге жұмсағанын мойындады. Спортшының айтуынша, миллиондаған оқырман жинау арқылы спорттағы беделін нығайта түспек болған.

Махерден бөлек Дэни Рамирес, Суни Ли, Хантер Удхолл, Тара Дэвис-Удхолл, Ариана Рэмзи де әлеуметтік желіні «екінші жұмысы» ретінде көріп, ондағы беделін нығайта түсуге талпынып жүр.

1/8 финалдан әрі аса алмаған боксшы Морель Маккейн 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысу үшін мерекелік кештерде клоун, балабақшада тәрбиеші болғанын айтты. Ол күн тәртібін икемдеп, ақысын сағатына төлейтін жұмыстарды іздеген. 

Ник Финк оң жақта. Фото: Mustafa Yalcin/Anadolu via Getty Images

Парижде үш медальді қанжығасына байлаған жүзуші Ник Финк, ядро итеруден алтын медаль алған Каньон Берри мен құзға өрмелеуші Джесси Группер үшеуі инженер болып қызмет етеді. Осы ретте үшеуі де АҚШ азаматтары екенін айта кеткен жөн.

Бірақ кейбір спортшылар өздері айналысатын спорт түрлері арқылы жақсы пайда табатынын да айтып өткен абзал. Ұлттық баскетбол қауымдастығының мүшелері Леброн Джеймс, Дианнис Антетокоунмпо, Стефен Карри – миллиардерлер. Олар Олимпиаданың ең қымбат қатысушылары саналады. Былтыр 102-128,8 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша тапқан.

Олардан кейін бай спортшылар тізімінде гольфшылар Джон Рам, Рори Макилрой, Скотти Шеффлер, теннисшілер Новак Джокович, Карлос Алькараз пен Ига Свентек тұр. 

Жалпы спортшылардың белгілі спорт брендтерін жарнамалау арқылы ақша табатыны жаңалық емес. Бірақ OnlyFans сияқты көптің күдігін оятатын платформаларды қолдануы таңғалдырғаны рас. 

«OnlyFans арқылы жақсы табыс табатынымды жасырмаймын. Ескек есумен айналысатын спортшы ретіндегі табысымнан екі есе көп. Мұны қалай түсінсеңіздер де, шындық осы», – дейді Мэнсон

Олимпиадаға жолдама – көптеген спортшы үшін қымбат, мыңдаған сағаттық  жаттығулардан тұратын ұзақмерзімді карьераның кульминациясы. Сондықтан көбі басқа жұмыс істеуге, бөлек нәрсемен шұғылдануға мүмкіндік таппайды. Садақ ату, үстел теннисі, семсерлесу мен гимнастика сияқты спорт түрлері жарысқа қатысуға, құрал-сайман алуға қажет шығынды есептемегенде, жаттығудың өзіне ондаған мың доллар қаражат керек етеді.

Олимпиада қатысушысы Шей Хэтчетт байдарка мен каноэмен есу спортына 2021 жылы 38 000 АҚШ долларын жұмсағанын айтады. Бұл шығынның кей бөлігі түрлі стипендия не гранттар арқылы өтеледі. 

2020 жылы Токио Олимпиадасына жолдама алған 500 спортшының 58%-ы қаржылай тұрақсыз екенін мәлімдеген. Global Athlete құқық қорғау тобы 50 елдің спортшысымен сұхбаттасып, олардың көбі отбасы қаражатына, ірі чемпионаттардан жеңіп алған ақшаға немесе тіпті басқа саладағы жұмысынан тапқан пайдаға күн көретінін хабарлаған. 

АҚШ ұлттық құрамасының медаль алған спортшыларына АҚШ Олимпиада комитеті сыйақы тағайындайды, дегенмен жүлдесіз оралғандарға көмек беру жоспарланбаған. Алтын алғандарға 37 500 АҚШ доллары, күміс медаль тағынғандарға 22 500 доллар, ал қола жүлдегерге 15 000 доллар марапат берілмек. Бұл ең үлкен сыйлықақы емесі белгілі. Мәселен, Қазақстан алтын иегерлеріне 250 мың, күміс жүлдегерге 150 мың, ал қола жеңіп алғандарға 75 мың доллар марапат беретінін әуелде хабарлап қойған.

2012 жылдан бері спортшылары алтын медаль алмай келе жатқан Сингапур биылғы спорт бәсекесінде оза шапқан жеңімпазға 737 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы бермек. Италия, Малайзия, Филиппин үкіметтерінің сыйлықақысы біздің елмен шамалас. 

Сондай-ақ оқыңыз