«Банк ЦентрКредиттің» бірінші жартыжылдықтағы таза кірісі үштен бірге өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Банк ЦентрКредиттің»
«Банк ЦентрКредиттің» таза кірісі 86,018 млрд теңге жетті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Банк ЦентрКредит» АҚ-ның 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы таза кірісі 37,2%-ға 86,018 млрд теңгеге дейін артты. Бұл туралы банктің Халықаралық қаржылық есептілігінде жазылған.

Банктің салық төлегенге дейінгі пайдасы 1,5 есе өсіп, 104,692 млрд теңгені құрады. Ал таза пайыздық кірісі де 1,5 есе өсіп, 130,385 млрд теңгеге жетті.

Банк активтері биылғы жылдың басынан бері 10,4%-ға өсіп, 5,843 трлн теңгеге тұрақтады. Қаржы институтының міндеттемелері 9,6%-ға, 5,338 трлн теңгеге артты. Ал меншікті капиталы – 20,4%-ға, 505,089 млрд теңгеге дейін өсті. Жарғылық капиталы 0,4%-ға азайып, 64,217 млрд теңгені құрады.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Банк ЦентрКредит» АҚ активтерінің көлемі бойынша 21 қазақстандық банктің арасында үшінші орында тұр.

Қаржы ұйымы 1988 жылы құрылған. Қазақстандағы іргелі коммерциялық банктердің бірі. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%). Қалған үлесі миноритарлық акционерлерге тиесілі.

Ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында банк KASE индексі өсімінің негізгі дайверіне айналды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары KASE индексі негізінен «Банк ЦентрКредит», Kcell және «Халық банкі» акцияларының қымбаттауы есебінен өскенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз