Freedom Broker кеңсесінде жүргізілген тексеру амалдарының компания қызметімен байланысы жоқ екенін мәлімдеді
Freedom Holding Corp. құрамына кіретін Freedom Broker өз кеңсесінде жүргізілген тексеру амалдары 2021 жылғы Kcell акцияларының саудасына қатысты тергеу амалдарының аясында жүргізілгенін хабарлады. Қаржылық мониторинг агенттігі бірқатар клиенттер мен олардың телекомоператордың бағалы қағаздары бойынша жасасқан мәмілелеріне қызығушылық танытты деп хабарлады компаниядан «Курсивке».
«Freedom Broker бірқатар БАҚ-да жарияланған, 2024 жылғы 23 тамызда компанияның Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы, 77/7 (Esentai Tower бизнес орталығы) мекенжайы бойынша орналасқан компанияның бас кеңсесінде уәкілетті органдар «Фридом Финанс» АҚ жекелеген клиенттерінің бағалы қағаздармен жасасқан операцияларына қатысты қылмыстық тергеп-тексеру шеңберінде жедел-іздестіру шараларын жүргізгені туралы ақпаратты растайды. Атап айтқанда, іс «Қазақтелеком» АҚ-ның Kcell акцияларын KASE алаңында сату бойынша мәмілелеріне қатысты. Олардың бірқатары бойынша клиенттерге брокерлік қызметті «Фридом Финанс» көрсеткен болатын», – деп жазылған Freedom Broker хабарламасында.
Бұл ретте компания Қазақстанның брокерлік нарығында айтарлықтай үлеске ие. Сондықтан елдің қор нарығындағы қандай да бір істі қарау оның қызметіне де қатысты болуы ықтимал. Компания құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне барлық қажетті ақпарат пен құжатты берді.
23 тамызда БАҚ Қазақстан қор биржасы мен қор нарығына қатысушы бірнеше компания кеңселеріндегі осы іске қатысты тергеу амалдары туралы хабарлады. Алайда Қор биржасы бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығарған жоқ. Қаржы мониторингі агенттігі де өзге қаржы мекемелеріндегі жедел-іздестіру қызметі туралы ақпаратты жоққа шығарған жоқ.
Тергеу 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталған мәмілеге қатысты болуы мүмкін. Сол тұста «Қазақтелеком» Kcell ұялы байланыс операторының 24% акциясын сатты. Негізгі сатып алушылар Jusan Bank (9,08%) және Люксембургтегі Pioneer Technologies (14,87%) болды. Екі компания Kcell операторының нарыққа ұсынылған 24% акциясының 23,95%-ын иеленді. Мәміле KASE алаңында ашық саудада жасалды.
Freedom Holding өзінің еншілес компаниялары арқылы қаржылық қызметтерді, бөлшек брокерлік операцияларды, инвестиция жөнінде кеңес беру, бағалы қағаздармен сауда-саттық, инвестициялық-банкалық және андеррайтингтік қызметтерді ұсынады. Компания Қазақстан (KASE), Өзбекстан (UZSE), Украина қор биржаларының (UX) және Астана халықаралық биржасының (AIX) кәсіби қатысушысы. Оның бас кеңсесі Алматыда, ал әкімшілік кеңсесі АҚШ-та орналасқан. Бүгінгі таңда холдингтің жай акциялары KASE Nasdaq Capital Market-те саудаланады.