Disney-дің тағы бір туындысы қазақ тілінде дубляждалады

Жарияланды 31 Тамыз 2024 13:18

(жаңартылды 31 Тамыз 2024 13:25)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Ақшақар» («Белоснежка») фильмі қазақ тілінде шығады / фото: Disney.com

Disney компаниясы ұсынған тағы бір фильмі қазақ тілінде жарық көреді. Бұл жолы көрермендер «Ақшақар» («Белоснежка») фильмін қазақ тілінде тамашалай алады. Фильм 2025 жылдың наурыз айында кең экранға шығады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Disney компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы дистрибьюторы «Меломан» компаниясы хабарлады.

Сонымен қатар, «Меломан» компаниясы Disney-дің «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» және «Ақшақар» анимациялық фильмдерінің қазақ және орыс тілдеріндегі ресми трейлерлерін жариялады. «Моана 2» фильмі 2024 жылдың 21 қарашасында кинотеатрларда көрсетілсе бұл Disney-дің биылғы жылы қазақ тілінде шығатын екінші фильмі болмақ. Ал «Муфаса: Арыстан патша» фильмі көрермендерге 19 желтоқсанда ұсынылады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда биылғы жылы қазақ тілінде прокатқа шыққан екі анимациялық фильм де табысты болды. Алғашқысы Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ-2» фильмі қазақ тіліндегі нұсқасы прокатта 128 миллион теңге жинап, қазақ тілінде дубляждалған барлық фильмдердің арасында ең табысты фильмге айналды.

«Ойжұмбақ» мультфильмінің қазақша нұсқасы бастапқы қаралым бойынша үздік нәтиже көрсеткен еді. Мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде «Ойжұмбақтың» алғашқы күнгі қаралымы «Аватардан» үш есе асып түскенін хабарлады. Алғашқы прокат құны да рекордтық көрсеткішке жеткен. Касса 1 күнде 10 миллион теңге жинады.

Сондай-ақ, 4 шілдеде Illumination Entertainment студиясының «Жексұрын Мен 4» анимациялық фильмі қазақ тілінде прокатқа шықты.

Сондай-ақ оқыңыз