KASE-де саудаға түсетін корпоративтік облигациялардың көлемі 30 млрд долларды немесе ЖІӨ-нің 12%-ын құрайды
Бүгінде Қазақстанның қор нарығы мен қаржы жүйесі қарқынды дамып келеді. Мәселен, KASE-де саудаға түсетін корпоративтік облигациялардың көлемі 30 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 12%-ын құрайды. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Орталық депозитарийлер Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының (АСG) 26-шы жалпы жылдық жиналысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Жаһандық қаржы жүйесін дамытудың ағымдағы жағдайларында Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Орталық Азия арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды құрудың стратегиялық маңызы бар. Бүгінде Қазақстанның қор нарығы мен қаржы жүйесі қарқынды дамып келеді. Акциялар нарығын капиталдандыру 70 млрд доллар немесе елдің ЖІӨ-нің 28%-ын құрайды. KASE-де саудаға түсетін корпоративтік облигациялардың көлемі 30 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 12%-ын құрайды», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, 5 жыл ішінде капитал нарығындағы қорландыру көлемі 19 млрд долларды құрады. Жекелеген инвесторлардың саны 3 млн-ға жуық, бұл олардың бизнес үшін қаржыландыру көзі ретіндегі маңызды рөлін көрсетеді.
Айта кететіні, ACG – 1997 жылы құрылған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы орталық депозитарийлер бірлестігі. Оның негізгі мақсаты – клиринг пен есеп айырысу саласының тиімділігін арттыру үшін секторлар арасында ынтымақтастық орнату. Қазақстанның Орталық депозитарийі (KCSD) 17 жыл бойы осы қауымдастық мүшесі.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сай, KCSD номиналды ұстауындағы қаржы құралдарының жалпы көлемі 126,61 трлн теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 13,9% жоғары. Депозитарлық қызметтегі бағалы қағаздар шығарылымының мөлшері де ұлғайды. 2024 жылдың басында жалпы саны 2386-ға жетті.
Бүгінгі таңда KCSD-де 3 млн-нан астам брокерлік шот тіркелген.
Еске сала кетсек, KASE кірісі бір жылда үш есеге жуық өсті.