Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан түсетін трансферттерден әзірге бас тартпайды – Нұрлан Байбазаров
Ұлттық қордан қаражат алуды қою керек деген жоспарға қарамастан, әзірге Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін бұдан бас тартпайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«2024 жылдың сегіз айында мемлекеттік бюджет кірісі 94%-ға орындалды, бірақ республикалық бюджеттің кірісі 84%-ға дейін төмендеген», – деді министр.
Байбазаровтың айтуынша, кірістің төмендеуі импорт пен экспорттық кірістің азаюына байланысты. Сондай-ақ биыл үкімет трлн теңгеден астам ҚҚС қайтарды, оның ішінде өткен жылғы 590 млрд теңге қарызы бюджет кірісіне әсер етті. Министр тапшылықтың орнын толтыру жолдарының бірі – салықтық әкімшілендіру болатынын атап өтті.
«Біз жыл соңына дейін салықтық әкімшілендіру арқылы қосымша 900 млрд теңге табамыз деп отырмыз», – деді ведомство басшысы.
Осы тұста БАҚ өкілдері «Ұлттық қордың қаржысы биылғы тапшылықты жабуға жұмсала ма?» деп сұрады.
«Иә, біз қаражаттың бір бөлігін өңірлер мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қосымша трансферттер түрінде пайдалануды жоспарлап отырмыз», – деген министр оның сомасын нақтыламады.
Байбазаров Ұлттық қордан қанша қаражат алынатынын бюджетті нақтылау үшін Парламентке барған кезде айтанын жеткізді.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы наурызда Ұлттық қордағы қаражат 200 млрд теңгеге азайды.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, тамыз айында Ұлттық қорда жиналған ақша айтарлықтай көбейген. Шілде айының соңында қорда жалпы көлемі 29,7 трлн теңге жатса, бір айда қордағы қаражат 7,2% өсіп, 31,8 трлн теңгеге жеткен.