Ресейлік ВТБ санкция салдарынан бұғатталған шетелдік активтері мен міндеттемелерін жаңадан құрылатын еншілес компаниясына бермек
АҚШ-тың санкциясына ұшыраған ресейлік ВТБ банкі шетелде бұғатталған активтері мен міндеттемелерін беретін «еншілес ұйым» құрмақ. Қайта құрылымдау мәселесі 16 қазан күнгі жиналыста акционерлердің талқысына салынады.
Банктің қайта құрылымдаудан өтетіні жайлы 2023 жылдың жазында айтыла бастаған. Еншілес компанияға бұғатталған активтер мен «достық емес пиғылдағы» елдердегі шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелер берілмек. «Достық емес пиғылдағы» елдер тізімінде 49 мемлекет бар.
Жаңадан құрылатын компания толығымен ВТБ-ға тиесілі болады. Акционерлердің құрамы және қаржы ұйымының жарғылық капиталындағы үлесі өзгермейді. Банк шешім қабылдаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өз кредиторларын қайта ұйымдастыру туралы хабардар етеді.
Қайта құру нәтижесінде ВТБ бұғатталған активтер бойынша резервін қалпына келтіре алады. Бұл өз кезегінде банктің 2024 жылғы қаржы нәтижесін жақсартады.
Банктің «достық емес пиғылдағы елдердегі» кредиторларының алдындағы міндеттемелері жаңадан құрылған «еншілес ұйым» активі есебінен төленетінін хабарлады. Сомасы 3 миллион рубльден асатын транзакцияларға акционерлердің келісімі қажет.
ВТБ банкіне қарсы санкция 2022 жылдан енгізіліп, кейін қаржы ұйымы халықаралық SWIFT жүйесінен ажыратылған. Қазақстандағы бөлімшесін қоса алғанда, ВТБ-ның бүкіл еншілес компаниялары осындай шектеуге ұшырады. Бұл банк – санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалғыз еншілес ұйымы.
Жақында Home Credit Bank санкция тәуекелдеріне байланысты ВТБ банкпен жұмысын тоқтатқанын хабарлады.