Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Генадий Головкин жаңа қызметке сайланды

Жарияланды 26 Қыркүйек 2024 15:54

(жаңартылды 26 Қыркүйек 2024 18:05)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Генадий Головкин жаңа қызметке сайланды / Фото: Olympic.kz

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Olympic.kz деп хабарлайды.

Бұл қызметте Головкин Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз ынтымақтастық орнатып, боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының ХОК-та мойындалуы үшін жұмыс істейтінін айтты.

«Мен үшін, Қазақстан мен бүкіл спорт әлемі үшін боксты Олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтау маңызды. Бұл менің негізгі жұмысымның басты бағыты болмақ. Сонымен қатар Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз байланыста болып, бокстың адалдық, әділеттілік және ашықтық сынды олимпиадалық құндылықтарға сай келуін қадағалайтын боламын», – деді Головкин.

Сонымен қатар World Boxing президенті Борис ван дер Ворст Геннадий Головкинмен ынтымақтастық ұйымның алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Олимпиадалық және кәсіби бокста үлкен жетістікке жеткен адам ретінде ол боксты Олимпиадалық қозғалыстың ажырамас бөлігі ретінде сақтап қалудың неге маңызды екенін терең түсінеді. Осы миссияны жүзеге асыру үшін онымен тығыз жұмыс істеуге асықпын», — деді Борис ван дер Ворст.

World Boxing мәліметінше, Геннадий Головкиннің кандидатурасы бірінші болып мақұлданды. Жақын арада Олимпиадалық комиссияға спорт әлемінің басқа өкілдері қосылып, боксты Олимпиадалық қозғалыстың орталығында сақтау бойынша ауқымды жоспарды іске асыруға жұмыла кіріседі.

Анықтама үшін: World Boxing — 2023 жылдың сәуірінде құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Қазіргі уақытта оның құрамында әлемнің 44 елінің ұлттық федерациялары бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Генадий Головкин Олимпиада комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешованы қызметінен босатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз