Қазақстандықтардың төлем мерзімін 3 ай кешіктірген несие қарызы 1 трлн теңгеден асқан
Қазақстандықтардың кредит қарызы да, төленбегеніне 3 айдан асқан борышы да ай сайын артып келеді. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, қазір халықтың мойнында мерзімінде төленбеген 1,8 трлн теңге қарыз бар.
Соның ішінде 1,039 трлн теңгесі – төлем мерзімін 3 ай кешіктірген борыш. Бұл банктердің жалпы несие портфелінің 3,15%-ын құрайды.
Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 20 млрд теңгеге артық. Шілде айында 3 ай бойы төленбеген несие көлемі 1,019 трлн теңге болған. Ал жыл басындағы 863 млрд теңгеден 20,38% жоғары.
Яғни халықтың төлем қабілеті ай сайын төмендеп келеді. 1 қыкүйектегі дерек бойынша, банктердің несие портфелі 33 трлн теңгеден асады. Мерзімі өтіп кеткен берешек көлемі елдегі ірі банктердің балансында жоғары.
Мәселен, Kaspi Bank-тің балансында жалпы көлемін 267,5 млрд теңге болатын 3 ай бойы өтелмеген борыш бар. Бұл банктің несие портфелінің 4,97%-на тең.
Қазақстандықтар Halyk bank-тен алған 231 млрд теңге несиесін 3 ай бойы төлемей жүр. Бұл сома қаржы ұйымы несие портфелінің 2,21%-на тең.
Несие портфеліндегі мерзімі өткен берешек көлемі ең жоғары банк – Jusan Bank. Қаржы ұйымы берген несиенің 102,4 млрд теңгесінің төленбегеніне 3 айдан асқан. Бұл несие қоржынының 7,7%-ына тең.
Еуразиялық банктің де балансында төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен 98,5 млрд теңге несие бар. Бұл қаржы ұйымы несие портфелінің 6,57%-ын құрайды.
Қазақстандағы 21 екінші деңгейлі банк 1,6 трлн теңге таза пайда тапқан.