Олигарх Патох Шодиевтің қызы Еуразиялық банк директорлар кеңесінің құрамына енді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің құрамы өзгерді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Еуразиялық банктің директорлар кеңесіне банк акционерлерінің бірі – Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиева енді. «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ акционерінің шешімі банк сайтында орналастырылған.

Сонымен қатар банктің тәуелсіз директор ретінде Нұрышев Арман сайланған. Бұған дейін тәуелсіз директор қызметін атқарған Жанбота Бекенов кеңес құрамынан шықты.

Енгізілген өзгеріске сәйкес, банктің директорлар кеңесі 5 адамнан тұрады: Александр Машкевич, Шухрат Ибрагимов, Муниса Шодиева, Виталий Репей, Арман Нұрышев. Директорлар кеңесіндегі Александр Машкевич пен Арман Нұрышев Қазақстан азаматтары болса, қалған үшеуі – бейрезиденттер.

Бұл банкке «Еуразиялық қаржы компаниясы» арқылы Мукадасхан Ибрагимова, Патох Шодиев және Александр Машкевич иелік етеді. Олардың әрқайсысына 33,3% акция тиесілі. Муниса Шодиева – өзбек бизнесмені Патох Шодиевтің үлкен қызы. Ол 2022 жылы «Еуразиялық қаржы компаниясының» директолар кеңесінде әкесін алмастырды.

Еуразиялық банктің негізін 1994 жылы Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев бірлесіп қалаған.

Қазақстандық банктер арасында актив көлемімен 7 орында тұрған қаржы ұйымы 2,8 трлн теңге активке иелік етеді. Міндеттемелері 2,5 трлн теңгеге тең. Банк 2024 жылдың 8 айында 60 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл банктің балансында 2017 жылдары алған мемлекеттік қолдау қаржысы бар.

Патох Шодиев Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 18,6% акциясын иеленеді. ERG –  табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын алпауыт компаниялардың бірі. Қазақстанда «Қазхром», «Соколов-Сарбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Қазақстан алюминийі, электролиз зауыты, Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы, «Шұбаркөл», «ТрансКом» және тағы да басқа активтерге иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз