
Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдейтін төрт кәсіпорны Парижде өткен SIAL Paris 2026 халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып, өнімдерін шетелдік сатып алушыларға ұсынды, деп жазады Kursiv.Media.
Көрме 130 елден 8 мыңнан астам қатысушыны жинады. Қазақстан атынан «Qazaq-Astyq Group», «АКМЕЗ», «Пойма Май Комбинаты» және «UMIR KZ» компаниялары қатысты. Олардың жұмысын майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы үйлестірді.
Көрме аясында қазақстандық кәсіпорындар жаңа іскерлік байланыстар орнатып, экспорттық келісімдер жасау мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ сала өкілдері Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұловамен кездесті.
Бұл бастама 2026–2028 жылдарға арналған майлы дақылдардан өңделген өнім экспортын дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асырылды. Құжат отандық өндірушілердің халықаралық нарықтарға шығуына және экспорт көлемін ұлғайтуына бағытталған.
«QazTrade» АҚ бас директоры Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, майлы дақылдарды қайта өңдеу саласы Қазақстанның шикізаттық емес экспортындағы қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Соңғы төрт жылда саланың экспорттық түсімі төрт есе өскен. Ендігі мақсат қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін Еуропа нарығында арттыру.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орынға ие болды. Ал 2025-2026 жылдары саланың экспорттық түсімі 1,232 млрд АҚШ долларынан асты.
Көрмеге қатысу Еуропа нарығының талаптарын зерделеуге, импорттаушылармен тікелей байланыс орнатуға және жаңа экспорттық келісімшарттарға жол ашуға мүмкіндік берді. Жоба «Ready4Trade Орталық Азия: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» бастамасы аясында қолдау тапты.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемдегі ТОП-3 елге кіруі мүмкін