
2026 жылдың қаңтар-тамызы аралығында Қазақстанның күкірт экспорты 1 млрд долларға жетті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,6 есе көп. 2025 жылдың осы кезеңінде экспорттан түскен кіріс 388 млн доллар болған, деп жазады Kursiv.Media.
Trade Report мәліметінше бұл кемінде 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы тіркелген: ол кезде Қазақстан күкірт экспортынан 809 млн доллар тапқан.
Бірақ қызығы – экспорттың физикалық көлемі керісінше азайды. Сегіз айда сыртқа 2,74 млн тонна күкірт сатылды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,31 млн тонна болған. Яғни көлем 17%-ға қысқарған.
Бар мәселе бағада
2026 жылдың сегіз айында күкірттің орташа экспорттық бағасы тоннасына 365 долларды, яғни шамамен 172 мың теңгені құрады. Бір жыл бұрын оның тоннасы орта есеппен небәрі 117 доллар болған.
Баға әсіресе кейінгі айларда күрт өсті. 2025 жылғы қаңтарда Қазақстан күкірттің тоннасын орта есеппен 87 долларға экспорттаса, 2026 жылғы қаңтарда баға 256 долларға жетті. Ал тамызда бір тонна күкірттің орташа бағасы 578 долларға, шамамен 272 мың теңгеге дейін көтерілді. Осылайша небәрі 19 айда экспорттық баға 6,6 есе өсті.
Қазақстан күкіртін кім сатып алып жатыр?
Ең ірі сатып алушы – Марокко елі. Сегіз айда бұл елге 393 млн доллардың күкірті сатылды. Бұл Қазақстанның бүкіл күкірт экспортынан түскен кірістің шамамен 39%-ы.
Бұл ретте Марокко сатып алған күкірт көлемі 37%-ға азайғанымен, оған төлеген ақша 87%-ға өскен. Ресей Қазақстаннан 182 млн доллардың күкіртін сатып алды. Бұл бір жыл бұрынғыдан шамамен алты есе көп. Экспорт көлемі 373 мың тоннаны құрады.
Бразилияға – 93 млн доллар, Өзбекстанға – 61 млн доллар, Сенегалға – 46 млн доллар, Қырғызстанға – 38 млн доллардың күкірті сатылған.
Өзбекстанға экспорт ерекше өсті. Бір жыл бұрын бұл ел Қазақстаннан бар болғаны 0,2 млн доллардың немесе 3 мың тоннаға жуық күкірт сатып алса, биыл көлем 184 мың тоннаға дейін жеткен.
Әр ел төлейтін баға да әртүрлі. Бразилия қазақстандық күкірттің тоннасына орта есеппен 336 доллар, Өзбекстан — 330 доллар, Марокко — 371 доллар төлеген. Ресей үшін орташа баға 487 доллар болса, Қырғызстанға экспортталған күкірттің тоннасы 556 долларға жеткен.
Күкірт қай өңірден экспортталады?
Экспорттың негізгі бөлігі Атырау облысына тиесілі. Өңірден сегіз айда 757 млн доллардың күкірті шығарылған. Бұл жалпы экспорттық түсімнің шамамен 76%-ы.
Күкірт Атырау облысындағы ірі мұнай-газ кен орындарында мұнай мен газды өңдеу барысында қосалқы өнім ретінде алынады.
Соған қарамастан, Атырау облысынан шығарылған күкірт көлемі де 22%-ға қысқарып, 2,25 млн тонна болған. Орташа экспорттық баға — тоннасына 337 доллар.
Астана бойынша статистика бөлек назар аударады. Қаладан тіркелген экспорт бір жылда 0,8 млн доллардан 160 млн долларға дейін өскен. Экспорт көлемі – 215 мың тонна, орташа бағасы – тоннасына 742 доллар.
Алайда бұл күкірт Астанада өндірілді дегенді білдірмейді. Статистика экспорттаушы немесе декларация тапсырушы компанияның тіркелген мекенжайына байланысты көрсетілуі мүмкін.
Сондықтан күкірттің бір бөлігі бас кеңселер немесе трейдерлер арқылы споттық, яғни ағымдағы нарықтық бағамен сатылып, ал өндірушілердің негізгі көлемі бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жөнелтілуі ықтимал.
Алматы қаласына 73 млн доллар, Павлодар облысына шамамен 9 млн доллар экспорттық түсім тиесілі.
Күкірт неге сонша қымбаттады?
Салалық шолуларда әлемдік нарықтағы бағаның күрт өсуіне бірнеше фактор әсер еткені айтылады. Сарапшы Ернар Серіктің мәліметінше күкірт сатылымына мындай факторлар әсер еткен.
Біріншісі – Индонезиядағы сұраныстың артуы. Елдегі никель өндіретін HPAL зауыттары күкіртті күкірт қышқылын өндіру үшін пайдаланады. 2025 жылы Индонезияның күкірт импорты 48%-ға өсіп, 5,35 млн тоннаға жеткен. Осы кезеңде ел үшін импорттық баға тоннасына 101 доллардан 554 долларға дейін көтерілген.
Екінші фактор – Таяу Шығыстағы жеткізу тәуекелі. Бұл өңірге әлемдік күкірт өндірісінің шамамен төрттен бірі тиесілі. 2026 жылдың көктемінен бері Ормұз бұғазындағы іркілістер нарықтағы ұсынысты шектеді.
Үшінші фактор – Ресейдің өз күкіртін экспорттауға салынған тыйымды ұзартуы. Соның аясында Ресейдің Қазақстаннан күкірт сатып алуының алты есе артуы осы тапшылықпен байланысты болуы мүмкін.
CRU бағалауынша, әлемдік күкірт нарығындағы тапшылық 2028 жылға дейін сақталуы ықтимал.
Бір қызығы, әлемдегі сұраныстың өсуіне ең көп әсер етіп отырған Индонезия Қазақстаннан көп күкірт сатып алмайды. Сегіз айда бұл елге небәрі 15,6 млн доллардың өнімі экспортталған. Бұл Қазақстан экспортының шамамен 1,5%-ы ғана.
Яғни Қазақстан әлемдік тапшылықтың негізгі себебіне тікелей қатыспаса да, соның арқасында жоғары бағадан пайда көріп отыр.