«Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ»: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге өзгеріссіз қалдырғанын түсіндірді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге сақтап қалды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Дастан Шанай

Ұлттық банк бүгін базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде екінші рет сақтап қалды. Бас банк бұл шешімін инфляцияны 5%-ға дейін төмендету – ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет ететінімен түсіндіреді.

Бас банктың пайымдауынша, тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан да ғана базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік туындайды.

Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ

Ұлттық банк жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ екенін назар аударады. Дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеген. Жалпы инфляцияның динамикасы Ұлттық банктің болжамына сәйкес келген.

«Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда. Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады. Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті», – деп жазады ҰБ.

Орталық банктер қатаң саясат ұстанғандықтан, жаһандық инфляция біртіндеп баяулап келеді.

Өндіріс артып келеді

2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі ж/ж 4,4%-ды құраған. Өндірістің өсуі экономиканың барлық негізгі саласында байқалып отыр.

«Атап айтқанда құрылыс, көлік және байланыс салалары ең жоғары өсуді көрсетті. Ішкі сұраныстың орнықтылығы бөлшек сауданың айтарлықтай жедел өсуімен расталады және фискалдық ынталандырудың жалғасуымен, ақшалай кірістердің өсуімен, сондай-ақ шикізатқа қатысы жоқ сектордағы инвестициялардың кеңеюімен қамтамасыз етілді. Ұлттық банк бақылайтын іскерлік белсенділік индикаторы сегіз ай қатарынан оң аймақта қалып отыр», – дейді Ұлттық банк.

Алайда проинфляциялық тәуекелдер де сақталып отыр. Сыртқы орта тарапынан олар Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляцияға және әлемдік азық-түлік бағасының артуына негізделген. Ал ішкі ортада тұрғын-үй коммуналдық қызметтарифтері өсуінің жалғасуына, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер мен тұтынушылық кредиттеудегі өсімнің оң динамикасы жағдайында орнықты ішкі сұраныстың сақталуына байланысты.

Шілде айында бас банк базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендеткен. Ал тамыз айындағы шешімінде базалық мөлшерлемені сақтап қалған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз