Астана мен Алматыда БАҚ қызметкерлері арасында шахмат бойынша турнир өтеді

Жарияланды 17 Қазан 2024 14:33

(жаңартылды 17 Қазан 2024 15:01)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
БАҚ қызметкерлері арасында шахмат бойынша турнир өтеді / фото: архив kursiv.media

Астана мен Алматыда «Қос шаһар кубогы» атты шахматтық медиа-турнирі өтеді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Федерацияның мәліметінше, аталмыш турнир дүниежүзілік ақпарат күніне орай өткізіледі. Сайыс 2024 жылғы 30 қараша, сенбі күні Алматы және Астана қалаларында бір мезгілде өтеді. Әр қаладан медиа саласында жұмыс істейтін шахмат әуесқойлары (БАҚ қызметкерлері, азаматтық журналистер, блогерлер) офлайн жекпе-жекте үздіктерді анықтайды.

Содан кейін қалалық кезеңдердің әрқайсысының жеңімпаздары «Қос шаһар кубогына» ие болу үшін онлайн жекпе-жекте бір-бірімен ойнайды. Алматы мен Астанада екінші орын алған қатысушылар турнирдің күміс және қола жүлдегерлерін анықтайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің жалпы қоры 1 млн теңгені құрайды. 1-орынға 500 000 тг, 2-орынға 300 000 тг, 3-орынға 200 000 тг беріледі.

Сонымен қатар ерекше көзге түскен қатысушылар үшін бағалы сыйлықтар мен марапаттар қарастырылған.

Турнирге қатысу шарттары келесідей:

  • Жеке шақыру бойынша қатысушылар, сондай-ақ блогерлер (кез келген әлеуметтік желіде кемінде 3000 жазылушы) және соңғы жыл бойы ҚР ресми лицензияланған БАҚ-та штатта жұмыс істейтін БАҚ қызметкерлері қатысуға жіберіледі; қатысушылар турнирге өтінім берген кезде Қазақстан аумағында кемінде 1 (бір) жыл тұрған болуы тиіс;
  • Қатысушының ФИДЕ рейтингі 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 2000 тармақтан аспауы тиіс;
  • Тіркеуге өтінімді толтыру;
  • Жеке куәліктің сканерленген көшірмесін ұсыну;
  • Блогерлер үшін – әлеуметтік желілердегі белсенді аккаунттарға сілтемелер, БАҚ өкілдері үшін – БАҚ атауы, қазіргі уақытта атқаратын лауазымы.

Турнирге федерацияның сайтынан тіркелуге болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері арасында шахматтан Senat Open турнирі өткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз